Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда еркектер ұрады, әйелдер көнеді. Неліктен?

Соңғы елу жылдың ішінде өмір күрделене түсті. Жұмыс уақыты ұзарып, жүйкені тоздыратын кептелістердің саны артты. Үй мен азық-түліктің бағасы да жыл санап өсті. Халық долларлап алған несиесін жаба алмай әлек. Әйелдер ерімен қатар жұмыс істеуге мәжбүр. Бала тәрбиесі де көп жағдайда осы нәзік жандыларға артылды.

Қазақстанда еркектер ұрады, әйелдер көнеді. Неліктен?

Мұның барлығы күйзелістің тууына себепші мысалдар ғана. Ал салдары адам айтса нанғысыз. Келін мен ене бір-бірінің “менін” сыйлаудан қалды. Бұл “екі оттың” арасында ер азамат пен балалар жүр.  Психологиялық қысымға шыдамаған еркектер әйелдерді физикалық күш қолдану арқылы жазаласа, балалардың жайы тым басқа. Олар нашақор болып, ішімдікке салынуда. Жарық дүниемен қоштасуды жөн көргендер де аз емес. Осы орайда, Stan.kz тілшісі психоаналитик Анна Құдияровамен сұхбаттасты. Маманнан тақырыпқа қатысты пайдалы кеңестер алды.

– Жиі қойылатын сұрақтан бастайын. Ер азаматтарды қол көтеруге не мәжбүрлейді?

– Сізді жауабыммен қаншалықты қанағаттандыратынымды білмеймін. Бірақ тақырыпты басқа жағынан бастағым келіп отыр. Өзіңіз де білесіз, таяқтың екі ұшы болады. Көбінесе еркек әйелге зорлық-зомбылық көрсетіп, дауыс көтереді. Арты тіпті қол жұмсап, сабауға ұласады. Бірақ күйеулерін ұратын келіншектердің де бар екенін ұмытпайық. Жұдырық жұмсамаса да, нәзік жандылардың “тіл” атты күшті қарулары бар. Әділетті болуы үшін екі жаққа да мін тағып, қатар сынайық. Әрине, Баян Мақсатқызына немесе өзге де әйелдерге ешбір еркектің қол жұмсауға құқығы жоқ. Қазақта “Екі жастың арасына есі кеткен түседі” деген аталы сөз бар. Десе де, мен дәл қазір керісінше екі жастың арасына түсуді ұсынамын. Олар отау құрмас бұрын “Сен неге осы қызды сүйіп қалдың?”, “Сен неге көп жігіттің арасынан осы адамды таңдадың?” деген сауалды қоюымыз керек. Осылай еткен кезде ғана біз бақытты отбасылардың қатарын көбейтеміз.

– Сіз айтып отырған “психологиялық үйлесімділікті” анықтау қаншалықты маңызды?

– Қазір психологиялық сауаттылықты жан-жақты көтеру қажет. Ал үйлесімділіктің маңыздылығына қатысты келесі мысалды келтірейін. Ғарышқа ғарышкерлерді аттандырмас бұрын оларды  түрлі психологиялық тестілеуден өткізеді. Яғни 20-30 адамның арасынан 5-6 ай бірге жүрген кезде бір-бірімен ренжіспейтін, төбелесіп қалмайтын адамдарды таңдайды. Ал отбасы дегеніміз – дәл осындай саяхат. Ғарышқа саяхат бірнеше айға созылса, өмір мәңгілікке ұласады. Психологиялық үйлесім болмаған жұптың отбасында бақытсыз бала дүниеге келеді. Ертең екі жас өмір бойы бір-бірін балағаттайды. Ашуға беріліп бірі екіншісін өлтіріп те қоюы мүмкін. Неге отбасы мүшелері күліп жүрмеске?! Өкінішке орай, жас жұбайлар отбасын құрмас бұрын психологиялық тренингтерге бармайды. Маған көбінесе Алматы, Астана сынды қалалардың сауатты жастары ғана келеді. Жеке статистикам бойынша, 10 жұптың 9-ы бірге болады. Біреуі үйлеспейтіндерін түсініп, ажырасып кетеді. Мұндайда өзімді кінәлі санамаймын, керісінше қуанамын. Тойға несие алмай тұрып, жылайтын бала таппай тұрып екі кеме екі жаққа кеткені жөн.

– Ғашықтарға арналған тренингтерде қандай амал-тәсілдерді жиі қолданасыздар?

– Бірнеше күнге созылатын тренингте екі жастың тәрбие алған отбасылары туралы сөйлесеміз. Әдетте бала әке-шешесінің жанжалдасып, төбелесіп жүргенін көреді. Ертең соны бейсаналы түрде өзінің отбасына алып келеді. Әке-шешесі ажырасқандар іштей осы сценарийге ұмтылады.  Ал тату-тәтті отбасында өмір сүрген бала өзіне дауыс көтерген адамды қабылдамауы мүмкін. Іштей “Менің әке-шешем бұлай жасамаушы еді ғой. Оның маған дауыс көтеріп жатқаны несі?” деп ойлайды. Басында бірнеше жыл махаббаттың отымен мұның барлығы білінбейді. Одан кейін қалыпты тіршілік басталады. Жас жұбайлар бір-біріне талап қоя бастайды. Бүгінгі өмірін өзінің отбасымен салыстырады. Әдетте кикілжің қарапайым шайдан басталады. Осы орайда тек адамның психологиялық мәдениеттілігі көмектесе алады. Кез келген адам “Менің әке-шешем ит пен мысық болып өмір сүрсе де, менің отбасымда тек бақыт болады” деп өзіне уәде беруі тиіс.

Жуырда бір әйел өзінің жөнсіз шу шығаратынын айтты. Яғни, саналы түрде бұл жаман әдетінен арылғысы келеді. Ол енесі мен күйеуіне жөнсіз дауыс көтереді екен. Тіпті күйеуінен таяқ жесе де, бұл әдетінен арылмаған. Тренинг соңында балалық шағында көп қиындық көргенін анықтадық. Келіншек қазір анасының әрекеттерін қайталап жүр. Ал енесі мен күйеуі кінәсіз болып шықты. Осы орайда президентімізге айтар арман-тілегім бар. Ол кісімен кездесе қалсам, “психологиялық консультациядан өтуге келіскен адамға мемлекет қаржы бөлсінші” дейтін едім. Себебі, көп адам саналы түрде жанын емдетуге келе бермейді. Бәлкім дәл осындай ұтымды ұсыныстан кейін дұрыс шешім қабылдар. Тренинг 20, 100 сағат болуы мүмкін. Баланы сауатты жазуға қалай үйретсек, өзімізге психологиялық сауаттылық дәл солай қажет. Өкінішке орай, қазақ тілінде психологиядан практикалық кітаптар тым аз. Оның үстіне ол жерде жазылған тәсілдерді мамансыз меңгеру қиын. Сіз меңгергіңіз келген тақырыпқа қатысты 1 000 фильм көріп, 1 000 кітап оқуыңыз мүмкін. Бірақ, бәрібір оны маманның көмегінсіз толық игере алмайсыз. Мысалы, тіс жұлу туралы кітап оқып, өздігінен тіс жұлып кеткен адамды көрмедім.

Әйелдерден бөлек, өз айыбын мойындайтын еркектер де бар. Жақында 27 мен 40 жас аралығындағы үш азамат келді. Үшеуі де әйелге қол көтеру әдетінен арылғылары келетіндіктерін жеткізді. Тіпті, өздерінің хайуан дәрежесіне дейін түскендіктерін мойындады. Бірі ажырасқан, екіншісі әлі де әйелімен бірге, үшіншісінің әйелі қашып кеткен. Соңғы әйелмен де тренинг жүргіздік. Бірақ бар мәселе жігіттің өзінде болып шықты. Бала күнінде жігіттің әке-шешесі ажырасып кеткен екен. Баланы әкесі бай болғандықтан, өзіне алып қалған. Артынша балаға “Сені анаң тастап кеткен, ол жаман” сынды әңгімелер айтқан. Осыдан кейін жігіт анасынан ала алмаған өшін әйелінен алған. Мұның барлығы бейсаналы түрде жүзеге асады.

– Психологиялық үйлесімнің жоқтығы қыз бен жігіт болып жүріп жүрген кезде қалай көрініс табады? 

– Қазір сүйіктісіне бостандық бермеген қыз болсын, жігіт болсын, оны кейін де бермейді. Керісінше заңды қағазды алып алған соң, “өмірлік түрмеге” отырғызады. Бүгінгі жастардың өмірі әлеуметтік желімен тікелей байланысты. Кейде клиенттерім келіп сүйіктісімен лүпілге немесе суретке бола ренжіскендерін айтып жатады. Адам қай кезде қызғанады? Біріншіден, өзін сүйіктісінен төмен қойған кезде. Екіншіден, бейсаналы гомосексуализмге жол бергенде. Мысалы, бір жігіт қызын қызғанды делік. Әлгі жігіт қызынан қызғаныш отын тудырған адам туралы сұрай бастайды. Бұл жерде бейсаналы түрде жігіт екінші бір жігітке қызығушылық білдіріп отыр. Мұндайда айырылысқан жөн. Себебі, психологиялық дені сау жігіт немесе қыз мұндайда тек қуануы тиіс. Сүйіктісі миллиард адамның ішінен оны таңдап отыр. Кей жігіт сүйіктісіне әлеуметтік желіге кіруге тыйым салып, хиджап кигізіп қояды. Бұл – феодализм. Яғни адамның жеке “менін” сыйламау.

Қазақстанда еркектер ұрады, әйелдер көнеді. Неліктен?

– Психоаналитик Вадим Зеланд “Трансерфинг реалности” атты еңбегінде адамның өмірін айнаға теңейді. Дәлірек айтсақ, өмірден сен тек қалағаныңды аласың. Кейде маған адамдар құрбан болғанды, құлдық психологиямен өмір сүруді өздері таңдайды деген ой келеді. Мысалы, сізге келмес бұрын инстаграм желісіндегі “Үшбу хат” парақшасына келген бірнеше хатты оқып шықтым. Сол жерде әйелдер қатты қиналса да, отбасыларын бұзбайтындықтарын жазған. Бұдан кімге, қандай пайда? Меніңше, бұл жәй ғана өзіңнің қалауыңды қанағаттандырудың бір тәсілі. Ал олардың қалауы – құрбан болу, жұрттың өздеріне деген жанашырлығын ояту. Әлде қателесіп отырмын ба?

– Сізге әкеңіз қол көтерген бе?

– Жоқ.

– Сізге анаңыз қол көтерген бе?

– Жоқ.

Ата-анаңыз қол көтермеген болса, мұндайға сіз ешуақытта шыдай алмайсыз. Кез келген отбасында кикілжің болады. Өмірінде бірінші рет таяқ жеген қыз бірден сотқа барады, қайын жұрты мен өз жұртын жинайды. Ақырында дәл осындай психоаналитикалық орталықтарға келеді. Күйеуі әйелінен кешірім сұрайды немесе айырылысады. Кешірім сұраған жағдайда, оқиға екінші рет қайталанбайды. Ал сіз айтып отырған адамдар құлдық психология немесе мазохизм психологиясына үйренген. Яғни әке-шешелері оларды ұрып-соққан. Кет дегенде ит те кетеді. Кетпей қойған әйелді еркектің ұратыны анық. Ал егер адамда намыс пен өзіне деген құрмет болмаса, осылай шыдап жүре береді.

– Осы мәселеде Батыс пен Шығыс халықтарын бір-біріне қарама-қарсы қоюға бола ма?

– Жоқ. Мұның барлығы қарапайым стереотиптер ғана. Батыста да саналы азаматтар немесе өздерін сыйламайтын адамдар бар. Бір отбасы тату-тәтті өмір сүрсе, енді бірі үнемі жандалдасып жүреді. Ал барлығына тек психологиялық тренингтер көмектесе алады. Мысалы, көлік айдап үйренгіңіз келді делік. Оны инструкциясын оқып меңгеріп кету қиын. Қасыңызда маман және көп тәжірибе болуы керек. Елімізде психологтар аз. Ал сапасы одан да аз.

– Баян Мақсатқызының оқиғасына дейін де, кейін де ер адамдарды қатаң жазалау шаралары қолданылып жатыр. Әйелдер арыз жазып, күйеулерін бірден түрмеге отырғызуға тырысады. Ал осы түрме адамды қаншалықты өзгертеді? Біреуді сынауға қақымыз жоқ екенін білемін. Бірақ, түрмедеге азаматтардың көбісі рецидивист деп ойлаймын.

– Сіз түрме жүйесіне және мемлекетіміздің заңдарына сенбей отырсыз. Мұндай сенімсіздік пен қорқыныш Баян ханымда да бар шығар. Кейде еркіндік пен бостандықтан айырылған соң көп нәрсені бағалай бастайсың. Терең ойға шомып, дұрыс та, бұрыс шешімдер қабылдайсың. Қазір түрмеде дін өкілдері де, психологтар да, офицерлер де отыр. Ал олардың болашақта қандай адам болып шығатыны тек өздерінің және жанын емдейтін мамандардың қолында. Баян Мақсатқызының күйеуін рецидивист деген ойға қимаймын. Яғни сіз секілді ол түрмеден шыққан соң Баян ханымға жамандық жасауы мүмкін деп ойламаймын. Өйткені екеуінің арасында тек жаман дүниелердің болмағанына сенімдімін. Жолдасының жақсы психоаналитикпен жұмыс істеуге шамасы жетеді. Тойдан кейін ыдысты жақсылап жуасыз ғой? Біз де тренинг кезінде дәл осы техниканы пайдаланмыз. Бірінші, тамақтың қалдықтарын шығарамыз. Екінші фейримен жуып, соңында таза сумен шайқаймыз. Сол кезде ғана адам жаңа өмір бастай алады. Ол кісіге де дәл осындай тәсілді пайдалану керек шығар.

– Елімізде, қаламызда психологиясына зақым келген адамдарға тегін көмек көрсететін орталықтар бар ма? Және олардың сапасы қаншалықты жақсы?

– Біздің қаламызда 20 шақты орталық бар. Кейде гранттары бітіп қалатындықтан, күштері аз десек те болады. Бірақ шын мәнінде іздеген адам табады. Қажет болса, 150 нөміріне хабарлассын. Әрине, жақсы мамандар еңбектері үшін ақша талап етеді. Себебі, олардың отбасы бар. Мысалы, мен тренингтің бір сағаты 1 000 теңге десем, мына жерде ұзақ-сонар кезек болары сөзсіз. Қымбатырақ баға ұсыну арқылы өзімді сақтандырамын. Әрі әрдайым бағама сай жұмыс істеймін.

– Ашуды қайтаруға бағытталған амортизация техникасы туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Бұл техниканы түсініп, қолдану үшін маманның көмегі қажет. Ашуланып тұрған адам оппонентінен қолдау мен түсіністікті талап етеді. Сол себепті,  біреу сізге қатты ашуланып тұрсе, тек “иә, дұрыс айтасың”, “иә, дәл өзі” деп құтылғаныңыз жөн. Кейде мұндайға психологиялық мәдениеті жетпейтін әйелдер жанжалды өршітеді. Ал егер айламен “иә” деп құтылар болсаңыз, жолдасыңыздың қолындағы тасты алып құдыққа тастағанмен бірдей боласыз. “Иә” сөзін жалғаулық шылау ретінде қабылдау қажет. Жолдасыңыз да адам баласы болғандықтан, ертесінде өздігінен кешірім сұрайтыны анық.

– Жанымызда жүрген адамдарды өзгертуге құмар екеніміз жасырын емес. Оларды өзіміз секілді түрлі мотивациялық, психологиялық тренингтерге қатыстыруға тырысқанымыз қаншалықты дұрыс? Қармақты сұрамаса, балық берейік пе?

Әрине, дұрыс емес. Кез келген шешімді адам өздігінен қабылдауы тиіс. Егер сіз балықты бермей қоятын болсаңыз, бір күні жалынып өзі келеді. Ең бастысы, сіздің балық бермейтініңізді біліп, қармақты алуға әрекет жасайды. Ал керісінше жасасақ, олардың өміріне балта шабамыз. Дайын балықпен күн көруге әдеттенген адам соңында нашақор немесе маскүнем, көше қызы болып шығады.

– Соңғы сұрағым… Айн Рэндтің “Объективизм” философиясына көзқарасыңыз қандай? Ол рационалдық индивидуализмді көксеп, коллективизмді шетке ысыратындықтан, оны екі қолымды көтере отырып қолдаймын. Осы философияның арқасында көптеген отбасы бақытқа кенелер еді деп ойлаймын. 

– Феодализм қазақ хандығы кезінен келе жатқан шығар. Қазақта ол заманда мал көп болды. Яғни “не ішіп, не жеймін” деген уайым жоқ. Мал өзімен-өзі туылып, көбейді. Феодализмнен социализмге секірдік. Ол жерде де біз үшін барлығын үкімет пен партия жасап отырды. Бізден тек жақсы оқу мен үлгілі тәртіпті талап етті. Батыс халқы көп жыл бұрын капитализмге көшіп, оның жемісін жеп жатыр. Партия да, үкімет те жоқ. Қанаты бар адам ғана ұшады деген қағида қалыптасты. Ал біз капитализмге енді келдік. Дайын дүниеге үйреніп қалған соң қиын. Мысалы, мен қазір көбінесе жетімдер үйінің балаларымен жұмыс істеймін. Олар “Бүгін неге кола аз?”, “біздің киіміміз неге бүтін емес?” деп талап қоюды ғана біледі. Ал барлығына еңбектену арқылы қол жеткізуге болатынын түсінбейді.  18-ден асқан соң бұл балалар еңбектенуге икемсіз келеді.

Арасынан 100%-дың 5%-ы жақсы тәрбие алып шықса да қуанар едім. Жаңалықтарда айтып жатқан жігіттің де жағдайы осыған сайып отыр. 23 жастағы жігіт өз анасын кезінде тастап кеткені үшін сотқа берген. Дүние-мүлік талап еткен. Өзіне берілген жұмысты менсінбеген. Себебін сұрағанда, жетімдер үйінде өскендіктен, жоғары жалақыға сай екенін айтқан. Адам баласында “саналы эгоизм”, “саналы нарциссизм” деген дүниелер болуы тиіс. Мен Қазақ университетін тәмамдап, қазақ ауылында өскен бала “Мен” деп тұрса қуанар едім. Қазаққа “эго” жетіспейді. “Мені” жоқ адам өзгені сыйламайды да, түсінбейді де. Енелердің келіндерге бақыратыны, күйеуінің әйелін өлтіре салатыны осыдан. Оларда “бұл менің құлым”, “қажет болса өлтіре саламын” деген ой қалыптасқан. Бақытты болуымыз үшін ішкі менімізді өсіруіміз керек.

 

Талқылау