Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда эпидемиологиялық маусым әдеттегіден ерте басталды – Денсаулық сақтау министрлігі

Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова биыл Қазақстанда эпидемиологиялық маусым әдеттегі күнтізбеден ерте басталғанын мәлімдеді. Айтуынша, қыркүйектің алғашқы күндерінен-ақ ауру қарқыны байқалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Министрдің айтуынша, елде жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) шамамен 2,6 миллион жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға жоғары. 

Оның айтуынша, жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Соңғы аптада сырқаттанушылық 1,4 есеге төмендеген. Негізінен бұл дәрігерлерге жақсы таныс А (H3N2) вирусы  – "гонконг тұмауы". Сонымен қатар басқа да маусымдық респираторлық вирустар айналымда жүр.

Эпидемиологиялық ахуал оқу процесіне де әсер етті. Елдің 10 өңірінде 97 мектептегі 317 сынып уақытша қашықтан оқыту форматына көшірілді.

“Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесі дайындықты күшейтті: алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 1143 мобильді бригада жұмыс істеп тұр, 1517 фильтр-кабинет ашылған, оның ішінде 638-і жүкті әйелдер мен балаларға арналған. Шұғыл жағдайлар үшін 684 жедел көмек кабинеті дайындалған, ал халыққа кеңес беру қызметін 1057 колл-орталық көрсетуде”, – деді ол.



Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты бақылауда екенін және барлық қажетті шаралар қабылданғанын атап өтті.

Ведомство маусымдық вирустық инфекциялар күшейген кезеңде қарапайым алдын алу ережелерін сақтау аса маңызды екенін еске салады: қол гигиенасын сақтау, бөлмелерді жиі желдету, адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу және аурудың алғашқы белгілері байқалғанда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну. 

STAN.KZ
Жексенбі, 14 Желтоқсан, 2025 19:15