Қазақстанда анонимді Telegram-арналарға бұғатталу қаупі төніп тұр
Фото: РБК
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда Telegram арналар анонимді түрде жұмысын жалғастыра алмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, анонимді арналар бүгінде "жалған ақпараттың, манипуляциялар мен арандатушылықтың ошағына" айналған.
"Анонимді Telegram арналар бүгінде өтірік, манипуляция мен арандатулардың ошағына айналды. Олар адамдардың көңіл-күйіне, жалған ақпараттың таралуына тікелей әсер етеді. Бұл жағдайға көз жұма қарауға болмайды. Министрлік олардың қызметін анықтап, бұғаттауды мақсат етіп отыр. Біз үшін ең маңызы – фейктер мен қоғамға іріткі салатын ақпараттарды әдейі таратқандардың жауапкершілігін күшейту. Аноним болу арандатушыларға қалқан болмауға тиіс. Ережелер баршаға ортақ болуы керек. Жақсы мысалдар бар. Мысалы, Qir sabyn арнасы. Telegram әкімшілігімен келіссөз жүргізетін уақыт келді деп есептеймін", – деді Балаева үкімет отырысында.
Кейін отырыста министр ведомство қандай нақты шараларды қолға алатынын түсіндірді.
"Telegram арналарды заң жүзінде тіркеуді міндеттеуді ұсынамыз. Әр арнаның контентіне жауап беретін нақты тұлға болуы керек. Яғни олар құқықтық алаңға шығуға тиіс. Анонимді арналардың қызметі ресми ақпарат құралдарына да ықпал етіп жатыр, – деп түйіндеді министр.
67 адам тіркелген: Қазақстандықтарды суицидке итермелеген Telegram-арна анықталды
Қазақстан билігінің порносайттарды бұғаттағаны дұрыс болды ма?
Еске салайық, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желілерде қазақстандықтар мен ТМД азаматтарын Украинадағы соғысқа жалдау туралы жарнамаларға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, министрлік мұндай материалдарды анықтап, сараптамаға жіберіп, желі әкімшілігі арқылы дереу жойып жатыр. Балаева фейк ақпараттардың жүйелі түрде тарап жатқанын, оларға қарсы күрес жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік желілерді бұғаттау мәселесіне тоқталып, бұл тек мемлекеттік органдарға емес, ең алдымен қолданушылардың жауапкершілігіне байланысты екенін айтты. Заң бұзғандар жауапқа тартылады.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
