Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді құрылыстарды сейсмологиялық есептен өткізу міндеттеледі

құрылыс

Мәжіліс депутаттары азаматтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңды екінші оқылымда қабылдады. Енді сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылыстарға талап күшейтіледі.

Сейсмикалық қауіпті аймақ деп саналатын Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру тәртібі мен техникалық талаптар қайта қаралып, қатайтылды. Сейсмикалық төзімділікті есептеу барлық нысан үшін, әсіресе әлеуметтік, тұрғын үй және инфрақұрылым орны үшін міндетті болады.

“Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында заманауи сейсмикалық бақылау станциялары орнатылады. Жер телімдерін беру тәртібіне өзгерістер енгізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

Заңға енгізілген түзетулер өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалау тетіктерін күшейтуді көздейді.

“Енді қауіпті өндірістік объектілерді, оның ішінде шахталарды, карьерлерді, қатты пайдалы қазбаларды өңдеу зауыттарын және басқаларды тексеру бұрын қолданыста болған шектеулерсіз жүргізіледі. Мәселен, жаңа заңнан соң жоғары тәуекел санатына жатқызылған барлық кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жылына бір рет, ал тәуекел дәрежесі жоғары санатқа жатпайтындар үш жылда бір рет жүргізіледі. Бұл ретте тексеру парақтары жойылды; тексерулер бекітілген өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелері негізінде жүзеге асырылады. Енді субъектіге бұрынғыдай 30 күн емес, тексеру басталғанға дейін бір жұмыс күні бұрын хабарланады", – деді мәжілісте.


"8 балдық жойқын жер сілкінісі болады": Сейсмология орталығы желіде тараған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады


Сонымен бірге адам саны көп нысандарды және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға қабылдау кезінде өртті бақылау болады.

Өрт салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген жағдайда адам саны көп объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілді. Өрт қауіпсіздігі шаралары адамдар көп жиналатын орындарда ғана емес, өндірістік, қауіпті және стратегиялық маңызды нысандарда да қайта енгізіліп жатыр.

Орман кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, өртті сөндіруге мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары ғана емес, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар да жұмылдырылады.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 15 Мамыр, 2025 08:45
Талқылау