Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді әкімдердің гендерлік теңдік бойынша кеңесшілері болады

Қазір елімізде әйел құқығы, әйел теңдігі мәселесін көтеру мақсатында енді әкімдердің жанында гендерлік теңдік бойынша кеңесшілер болады. Сонымен қатар "Гендерлік зерттеулер" академиялық курсы ашылып, әйелдердің белсенділігі көтеріліп жатыр. Stan.kz ақпарат агенттігі мәдениет және ақпарат министрлігінің гендерлік саясатты ілгерілету үшін жасап жатқан шараларын анықтады.

Фото: Freepik.com

Гендерлік теңдік мәселесімен президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы айналысады. Ұлттық комиссия экономикалық тұрғыда әйел мен ерлердің мүмкіндігін теңестіруді көздейді. Кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсетіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.

Ал мәдениет министрлігі 2023 жылдан бастап гендерлік саясат мәселелері жөніндегі жауапты орган болып айқындалды. Осыған орай ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленді. Министрлік бір жылда қандай шаралар істегенін айтып берді. 

Енді әкімдердің гендерлік теңдік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшілері болады, өңірлерде әйелдердің саяси көшбасшылығын арттыру мақсатында тренингтер өткізіліп жатыр.

“2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының шеңберінде қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мақсатында "БҰҰ-әйелдер" құрылымымен бірлесіп, 2022 жылдан бастап "Қазақстандағы барлық әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігін қамтамасыз ету және олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бөлігінде отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыруға Қазақстанға жәрдемдесу" жобасы іске асырылып жатыр”, – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.

Жобаның Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдікке қол жеткізуі үкіметке қолдау көрсетеді. 

Сондай-ақ министрлік сарапшылармен мемлекеттік жоспарлау жүйесіне гендерлік талдау жүргізді. Гендерлік талдауда оқу материалдарындағы сексистік көзқарасқа сараптама, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізілді. Қорытындысы бойынша Қазақстанның құжаттары мен нормативтік құқықтық актілеріне гендерлік аспектілерді енгізу бойынша ұсынымдар әзірленді.

Гендерлік саясат аясында өткізілген курстар мен тренингтер

Әйелдер мен қыздардың көшбасшылық әлеуеті мен саяси белсенділігін арттыру мақсатында 2022 жылы "Томирис" ақпараттық-білім беру бағдарламасы іске қосылды. "Томирис" бағдарламасы бойынша еліміздің барлық өңірлерінен 560 әйел оқып шықты.

2023 жылы да министрліктің тапсырмасы бойынша жергілікті атқарушы органдар Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың саяси мүмкіндіктері мен көшбасшылық қабілетін арттыру бойынша бірқатар тренингтер өткізді.

Былтыр "Гендерлік зерттеулер" академиялық курсы мен магистрлік бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама 2023 жылы 20 қазанда "Отбасы – тұрақты демографиялық дамудың негізі" атты халықаралық конференция барысында таныстырылды. Енді оны академиялық курс ретінде ЖОО магистратурасына енгізу қарастырылып жатыр. 

2023 жылы БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің 1325 қарары бойынша әскери қызметкер әйелдер мен құқық қорғау органдарына, полицияның жоғары мектептері базасында бітімгершілік бөлімшелерге арналған оқыту семинарлар өткізілді. Тренинг қорытындысы бойынша 105 қатысушы офлайн, 292 қатысушы онлайн гендерлік саясат саласындағы білімдерін арттырды.

Биыл ұлттық комиссияның қолдауымен "БҰҰ-әйелдер" құрылымы Ақмола, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкентте әйелдердің саяси белсенділігін арттыру бойынша тренингтерді өткізіп жатыр. Әрі өңірлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары құрылды.

Сонымен қатар еліміз жыл сайын БҰҰ-ның "Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік" жаһандық науқанына қатысады.

"БҰҰ-әйелдер" және ЮНФПА-мен бірге мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер арасында гендерлік теңсіздік, гендерлік кемсітушілік, дискриминация мәдениеті, гендерлік құзыреттіліктердің негізгі ұғымдары бойынша тренингтер өткізе бастадық. Өткен жылы Түркістан және Қызылорда облыстарында оқу-жаттығулар өткізілді. Ал Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының ауылдық жерлерінен келген 60 әйелге азық-түлік өндіру және кірісті арттыру бойынша тренингтер өткізілді”, – деп мәлімдеді ведомоство.

Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия әйелдердің мүмкіндіктерін жақсарту бағытында "IT Әйел" және маркетплейс арқылы сату жобасы жүзеге асты. "IT Әйел" арқылы 2000 әйел, ал сату жобасында 1400 әйел білім алған. 

Гендерлік теңдік бойынша жетістіктер

БҰҰ-ның гендерлік даму индексі бойынша адами даму бойынша баяндамасында Қазақстан гендерлік теңдігі өте жоғары елдердің 1-тобына енгізілген.

Гендерлік алшақтық индексі бойынша халықаралық рейтингте Қазақстан 1 жылда 3 орын алға жылжыды. 2022 жылы 146 ел арасында 65-орында болса, 2023 жылы 62-орынға ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстан гендерлік паритеттің 72,1 %-ына жетті.

ЭЫДҰ-ның 2023 жылғы "SIGI" зерттеуінде Қазақстан кемсітушілік, яғни дискриминация деңгейі төмен ел ретінде бағаланды. 

2021 жылы әйелдер үшін тыйым салынған кәсіптердің тізімі жойылды.

Одан бөлек Конституция заңына сәйкес партиялық тізімде әйелдер, жастар, ерекше адамдар барлық мүшенің 30%-ын құрауы қажет.Мемлекет қатысатын компаниялардың басшы органдарында да әйелдердің үлесін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін арттыру жүзеге асырылады.

“Гендерлік стереотиптер дамуға кері әсер етеді”

Ведмоствоның мәлімдеуінше, Қазақстан халқының арасында гендерлік стереотиптер басым және белгілі бір гендер тек белгіленген қызметті атқаруы керек деп санайды.

“Ең басты мәселе – халық арасында құқықтық сауаттың төмен болуы және гендерлік стереотиптер. Осы тұрғыда мәдениет және ақпарат министрлігі түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Мысалы қоғам арасында "әйел басшы бола алмайды және үйдің күйбең тірлігі жұмысқа әсер етеді" деген пайымдауларды айтады. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың көбі отбасында екеуі де жұмыс істеуі керек деген пікірмен келіссе де, үй шаруасының көп бөлігі әйелдің мойнында екенін растайды. Ерлерге қорғаушы және негізгі асырушы болу, ал әйелдерге қамқор отана, ана, әйел рөлі жүктеледі. Бұл көзқарастар әйелдердің кәсіби дамуына айтарлықтай кедергі келтіреді, олардың саяси және экономикалық өмірге қатысуын шектейді”, – деп мәлімдеді мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі. 

Сөзінше, гендерлік теңдік қоғам үшін тиімді. Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес, әйелдердің еңбек етуін 10% арттырғанда ЖІӨ 3% өскен. Ал Маккинзидің 2015 жылғы зерттеуіне сәйкес, экономикада ер мен әйел тең елдердің инновациялары мен кәсіпкерлік индексі жоғары.

Талқылау