Қазақстанда еңбек демалысының ұзақтығы қалай анықталады
Фото: pixabay.com
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек демалысының ұзақтығы қалай анықталатынын және қандай мамандарға қанша күн демалыс берілетіні туралы ақпарат бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкерлерге демалу, күш-қуатты қалпына келтіру, денсаулықты нығайту және жеке мәселелерді шешу үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі.
"Еңбек демалысының ең аз дегендегі ұзақтығы – 24 күнтізбелік күн. Демалыстың ұзағырақ уақыты Еңбек кодексіне және басқа да нормативтік-құқықты актілерге, еңбек немесе ұжымдық шартқа, сондай-ақ жұмыс берушінің ішкі құжаттарына сәйкес көзделуі мүмкін. Бұл ретте жұмыскердің жұмыс орны, лауазымы мен жалақысы сақталады", – дейді мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Данияр Балтабай.
Оның мәлімдеуінше, жеке санаттар үшін демалыс ұзақтығы мынандай:
- педагогтер "Білім туралы" заңға сәйкес 56 күнтізбелік күн;
- азаматтық қызметкерлер үшін Еңбек кодексіне сәйкес, 30 күнтізбелік күн;
- мемлекеттік қызметкерлерге "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, 30 күнтізбелік күн.
Ауыр, зиян немесе қауіпті жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге кемінде 6 күнтізбелік күн, I және II топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге кемінде 6 күнтізбелік күн қосымша беріледі.
"Жұмыскерлердің басқа санаттары үшін қосымша демалыс және оның ұзақтығы Қазақстан Республикасының жекелеген заңдарында белгіленуі мүмкін. Демалыстың ұзақтығы демалыс кезеңіне келетін мереке күндерін есептемегенде, күнтізбелік күндерде есептеледі", – дейді министрлік өкілі Данияр Балтабай.
Оның айтуынша, бұл ереже ауысу кесетесіне немесе жұмыс уақытының режиміне қарамастан қолданылады.

Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
