Қазақстанда ең төменгі жалақы жаңа тәсілмен есептеледі
Фото: freepik.com
Сенат дамушы елдердің ерекшеліктерін ескеретін ең төменгі жалақы туралы конвенцияны мақұлдады. Енді ең төменгі жалақыны есептеген кезде мемлекет экономикалық жағдайды және қызметкерлердің нақты қажеттіліктерін ескеруге міндетті болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) айқындау кезінде мынадай факторлар ескеріледі:
• қызметкерлердің қажеттіліктері;
• өмір сүру құны;
• елдегі экономикалық жағдай.
Оның айтуынша, ЕТЖ мөлшерін үкімет белгілейді, бірақ бұл процеске жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өкілдері де қатысуы тиіс.
"Белгіленген ең төменгі жалақы міндетті түрде орындалуы тиіс, ал оны бұзғандарға жауапкершілік қарастырылған. (...) Мұндай тәсіл әлеуметтік әділдік пен экономикалық негізділіктің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді", – деді ол.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев конвенцияның басты жаңалығы – енді экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, жұмысшының жеке қажеттіліктеріне де назар аударылатынын атап өтті.
"Конвенцияда ең төменгі жалақыны анықтағанда еңбек өнімділігін, экономикадағы медианалық жалақыны ескеру керек делінген. Сонымен қатар, қызметкерлердің қажеттіліктері, өмір сүру деңгейі және мемлекеттегі ең төменгі стандарттар назарға алынуы қажет. Осылайша, конвенция макроэкономикалық көрсеткіштерден адамның, яғни жұмысшының қажеттіліктеріне қарай ауысады", – деді Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазір Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Бұл — экономикадағы медианалық жалақының 30%-ы және орташа жалақының 21%-ы.
"Бүгінгі таңда еліміздегі ең төменгі жалақы деңгейі өте төмен. Бірақ бұл оны бірден көтеру керек дегенді білдірмейді. Мұның бәрі есептеулерге негізделуі тиіс, яғни бизнес пен мемлекеттік органдардың оны жүзеге асыруға мүмкіндігі болуы қажет. Бұл — тұжырымдамалық тәсілді өзгерту туралы мәселе. Құрғақ макроэкономикалық көрсеткіштерден алыстап, адамның, яғни қызметкердің қажеттіліктеріне қарай бағытталу қажет. Конвенцияның мәні осында", – деді ол.
Бұған дейін журналистер вице-премьер және Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен бағаның өсуіне байланысты тұтыну себеті мен ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау керек пе деп сұраған болатын.
Жұманғарин үкімет бұл көрсеткіштерді үнемі қайта қарап отыратынын айтып, елде бағаның шынында да өскенін мойындады.
"Мен өзім ол ақшаға өмір сүре алмас едім деп ойлаймын. Бірақ ең төменгі жалақы — бұл есептік көрсеткіш. Яғни одан төмен еңбекақы есептелмеуі керек. Бұл біреуге дәл сол мөлшерде жалақы төлеу керек дегенді білдірмейді", – деді Серік Жұманғарин.
Келесі жылдан бастап Қазақстанда азаматтық қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 99 000 теңгеге дейін өседі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Сенатта өткен брифингте мәлімдеді.
"Азаматтық қызметкерлер үшін ең төменгі жалақыны 99 000 теңге деңгейінде бекіттік. Бұл көрсеткіш республикалық 2026-2028 жылғы бюджет жобасына енгізілді", – деді Ертаев.
Айта кетейік, Еңбек кодексіне сәйкес, азаматтық қызметшілерге — қазыналық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін, мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ететін және техникалық қызмет көрсететін қызметкерлер жатады. Алайда мемлекеттік кәсіпорындардың барлық қызметкерлері азаматтық қызметшілер санатына кірмейді.

"Арнайы тізім жасалуда": Президент тапсырмасынан соң Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы қысқартылады
