Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда электр самокаттарын жалға алу ережелері қатаңдатылады

Қазақстанда Фото: freepik.com

Сенат депутаттары құқықбұзушылықтарды алдын алу және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне енгізілетін түзетулер туралы заңды екі оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Заң жобасының маңызды нормаларының бірі  жалға берілетін электр самокаттарын пайдалану талаптарын қатаңдату болды.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында электр самокаттары көлік құралдары қатарына енгізіліп, оларды басқару үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру енгізілді. Бұл талап жалға берілетін электр самокаттарының иелеріне, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты қолданылады.

Заң сондай-ақ электр самокаттарын жалға беретін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қосымша міндеттер жүктейді. Мысалы, әрбір самокатқа тіркеу нөмірін тағайындап, есепке алу қажет. Жалдаушылар пайдаланушылардың жеке басын анықтап, олардың кез келген санаттағы жарамды жүргізуші куәлігі бар-жоғын және көлік басқару құқығынан айырылмағанын тексеруі тиіс. Бұл шаралар уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктіру арқылы жүзеге асырылмақ.

Сонымен қатар, жол қозғалысында 18 жасқа толмағандар мен жүргізуші куәлігі жоқ немесе көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтарға электр самокаттарын жалға алу және басқаруға тыйым салынады. Бұл талаптар жол апаты санын төмендетуге және электр самокаттарын қала кеңістігінде реттелген түрде пайдалануға бағытталған.



Қабылданған заң және оған енгізілген түзетулер электр самокаттарды жалға беру нарығын қатаң реттеуге құқықтық негіз қалыптастырып, жолдардағы қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.

Рая Мінәп
Бейсенбі, 18 Желтоқсан, 2025 15:29