Қазақстанда екінші АЭС-ті қытайлық компания салатын болды
Фото: istockphoto.com
Қытайлық CNNC (Қытай Ұлттық ядролық корпорациясы) компаниясы Қазақстанда екінші атом электр станциясын салу жөніндегі консорциумның көшбасшысы болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, алдын ала іріктеу қорытындысы бойынша тізімге енгізілген қатысушылардың барлығында бірегей технологиялар бар. Дегенмен, ең жақсы ұсыныстар Қытай мен Ресей компанияларынан түскен.
"Қытаймен ядролық саладағы ынтымақтастық туралы жеке келісімге қол қою жоспарланып жатыр. Тағы бір АЭС салу үшін Қытай технологияларын Қазақстанда көргіміз келеді. Объективті түрде айтсақ, әлемде ядролық циклді өз бетімен игере алатын елдер көп емес. Әрине, Қытай барлық қажетті технологиялары, өнеркәсіптік базасы бар елдердің бірі. Біздің келесі басты басымдығымыз – Қытаймен ынтымақтастық", – деді Сәтқалиев.
Сондай-ақ ол Қытай тарапымен тиісті келіссөздер жүргізілетінін айтты.
"Келісімдер өте жоғары деңгейде өтті. Біз Қытай тәжірибесін қабылдауға мүдделіміз. Олар құрылысты тез әрі сапалы жүргізе алады. Біз бұл бағытта жұмысты бастап кеттік. Агенттік те тиімді консорциумдар құруы керек", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік Қазақстанда бірінші Атом электр станциясын “Росатом” салатынын мәлімдеген еді.