Қазақстанда екі жаңа миллиардер пайда болды

Forbes 2026 жылға арналған әлем миллиардерлерінің тізімін жариялады. Биылғы рейтингке байлығы 1 миллиард доллардан асатын 3400-ден астам кәсіпкер енген. Осы жылы миллиардерлер тізіміне алғаш рет екі қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Смағұлов пен Айдын Рақымбаев кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Нұрлан Смағұловтың байлығы 1,3 миллиард доллар деп бағаланып, ол әлемдік тізімде 2858-орынға орналасты. Бұған дейін Forbes Kazakhstan журналының 2025 жылғы Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкер рейтингінде ол 990 миллион доллармен 8-орында тұрған еді.
Айдын Рақымбаевтың байлығы 1,1 миллиард доллар деп бағаланып, ол әлемдік тізімде 3185-орынды иеленді. 2025 жылғы Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкер рейтингінде ол 967 миллион доллармен 10-орында болған.
Қазақстандық басқа кәсіпкерлерге келсек, Вячеслав Ким елдегі ең бай бизнесмен мәртебесін сақтап қалды. Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасының байлығы 7,8 миллиард доллар деп бағаланып, ол әлемдік тізімде 477-орынға шықты. Өткен жылы оның капиталы 7,1 миллиард доллар болған.
Владимир Ким биыл 200 миллион долларға байып, оның жалпы байлығы 5,9 миллиард долларға жетті. Ол әлемдік рейтингте 712-орында тұр. Тимур мен Динара Құлыбаевтардың әрқайсысының байлығы 5,4 миллиард доллар деп бағаланып, олар 780-орынды бөлісіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда олардың әрқайсысының капиталы 100 миллион долларға артқан. Сол 780-орында тағы бір қазақстандық кәсіпкер Болат Өтемұратов орналасқан. Оның байлығы бір жыл ішінде айтарлықтай өсті. 2025 жылы 3,7 миллиард доллар болса, 2026 жылы 5,4 миллиард долларға жетті.
Тимур Турловтың байлығы аздап төмендеген. Егер 2025 жылы 5,8 миллиард доллар деп бағаланса, биыл 5,2 миллиард доллар болып, ол 823-орынға тұрақтады. Қазақстанмен тығыз байланысты тағы бір кәсіпкер Михаил Ломтадзе. Ол Forbes тізімінде Грузия кәсіпкері ретінде көрсетілген. Вячеслав Кимнің бизнес-серіктесінің байлығы 6 миллиард доллар деп бағаланып, ол әлемдік рейтингте 694-орында тұр. Өткен жылы оның капиталы 5,9 миллиард доллар болған. Әлем миллиардерлері рейтингінің көшін Илон Маск бастап тұр. Оның байлығы өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам өсіп, 342 миллиард доллардан 839 миллиард долларға жеткен.
Ал рейтингтің келесі орындарында:
- Ларри Пейдж – 257 миллиард доллар (шамамен 125,2 триллион теңге),
- Сергей Брин – 237 миллиард доллар (шамамен 115,4 триллион теңге),
- Джефф Безос – 224 миллиард доллар (шамамен 109,1 триллион теңге)
- Марк Цукерберг – 222 миллиард доллар (шамамен 108,1 триллион теңге).
- Қазақстандағы ең табысты жекеменшік мектептер: Рейтингті қай мектеп бастап тұр
- Илон Маск байлығы 800 миллиард долларға жеткен тарихтағы алғашқы адам атанды
Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша салық берешегі бар ірі кәсіпорындардың тізімін жариялады. Мәліметке сәйкес, ең ірі 10 борышкердің мемлекет алдындағы жалпы қарызы 567,8 млрд теңге болған. Тізімге бірқатар ірі компаниялармен қатар Forbes тізіміндегі кәсіпкерлерге және Назарбаевтар әулетіне қатысы бар кәсіпорындар да енген. Ең үлкен салық қарызы 111,6 млрд теңгемен "Ai-To Progress" ЖШС-не тиесілі.
"Дәрінің құны 1,5 миллиард теңге": Бұлшықеті әлсіз қазақстандық бүлдіршінге денсаулық сақтау министрлігі көмек көрсетуден бас тартқан