Қазақстанда екі жаңа мемлекеттік саяси лауазым енгізілмек
"Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы" ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 150 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Ашық" НҚА порталында жариялаған Президенттің Жарлық жобасына сай, енді мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер қатарына мынадай жаңа лауазымдар енгізіледі:
- Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы Төрағасының көмекшісі, кеңесшісі;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының, Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының сектор меңгерушісі.
Айта кетейік, енгізілуі мүмкін лауазымдар В-3 санатына жатады.
"ҚР Президенті Жарлығының жобасы меритократия қағидатын табысты іске асыру, сондай-ақ ҚР Жоғары аудиторлық палатасы жұмыскерлерін ынталандыру мақсатында әзірленді. Жарлық жобасымен Жоғары аудиторлық палатаның сектор меңгерушілерінің, сондай-ақ төрағаның көмекшісі және кеңесшісі лауазымдарын лауазымдар тізіліміне тиісті өзгеріс енгізу жолымен В-3 санатына жатқызуды ұсынылады. Жарлық жобасын қабылдау республикалық бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды", – деп Жарлық жобасын түсіндірме берген Жоғары аудиторлық палата.
Құжат 24 мамырға дейін көпшілік талқылауда болады.