Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЕАЭО елдері арасында әлеуметтік азық-түлік Қазақстанда ең қолжетімді бағада – Үкімет

Супермаркет ішіФото: freepik.com

Үкіметте 2025 жылғы бірінші жартыжылдықтағы инфляция қорытындысы қаралды. Жиында ішкі өндірістің өсуі және көкөніс бағасының маусымдық төмендеуі арқасында инфляция қарқыны баяулағаны айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ерте піскен өнімді жаппай жинау басталысымен, әлеуметтік маңызы бар көкөністер бағасының өсуі тоқтап қана қоймай, төмендей бастаған.

"Егер сәуірде әлеуметтік өнімдердің орташа баға индексі 1,6% болса, мамырда өсу қарқыны 1%, ал маусымда 0,7% төмендеді. Соңғы аптада өсім небәрі 0,1% болды. Сонымен қатар үш апта қатарынан картоп бағасының 1,3% төмендеуі байқалды. Өткен аптадан сәбіз бағасы 0,9% арзандай бастады. Күріш, қарақұмық, жұмыртқа, ұн мен макорон өнімдерінің бағасы түсіп жатыр. Нан мен сүт бағасы тұрақты болып тұр", – деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Үкіметтегілердің есебінше, Қазақстанда отандық азық-түлік өндірісі артып келеді. 2025 жылдың 5 айында отандық азық-түлік өндірісі көлемі 10,5% өсіп, 1,5 трлн теңге болған. Әлеуметтік азық-түлік тауарларының ішінде ең көп өсім көрсеткені:

- қызылша қанты – 4,6 мың тоннадан 64 мың тоннаға дейін;

- өсімдік майы – 316,3 мың тоннадан 376,8 мың тоннаға дейін;

- сары май – 13 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін;

- ұн – 1,3 млн тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін;

- ашытылған сүт өнімдері – 102 мың тоннадан 106 мың тоннаға дейін;

- өңделген сүт – 264 мың тоннадан 274,6 мың тоннаға дейін.

Жиында Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түліктің қолжетімділігі бойынша жетекші орынды сақтап отырғаны айтылды.

"ЕАЭО елдеріндегі әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының нарықтық бағасын салыстырмалы талдау олардың Қазақстанда анағұрлым қолжетімді екенін көрсетті. Атап айтқанда, Қазақстанда тауық жұмыртқасы, ұн, нан, күнбағыс майы, тұз, күріш, картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз ең төмен баға тіркелген", – делінген үкімет хабарламасында.

Төрт позиция бойынша: қарақұмық, қант, сиыр еті және сүт бойынша Қазақстандағы бағалар Беларусьтегі бағаға жақын. Сары май бойынша еліміз Беларусь пен Қырғызстаннан кейін үшінші орында, ал құс еті бойынша Беларусь пен Ресейден кейінгі орында.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 08 Шілде, 2025 11:56
Талқылау