Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда дизель отыны мен бензин тапшылығы бола ма: Энергетика министрлігі жауап берді

бензинФото: Pixabay.com

Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Үкіметтегі брифингте дизель отыны мен бензиннің қолдан жасалған тапшылығы туындауы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистердің мәліметінше, сарапшылар алдағы уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, көлік компаниялары мен коммуналдық қызметтер арзан жанармайды алдын ала жаппай сатып ала бастауы мүмкін екенін ескертуде. Бұл жағдай нарықта жасанды тапшылық туғызуы ықтимал. 

Алайда вице-министр Санжар Жаркешов мұндай қауіп жоқ екенін айтты.

"Біз мұндай жағдайды болжап отырған жоқпыз, себебі елімізде жеткілікті көлемде қор бар, сұраныс пен ұсыныс тең деңгейде. Қазіргі уақытта 400 мың тоннадан астам дизель отыны бар, сондықтан ешқандай мәселе болмайды деп ойлаймын. Барлығы 741 мың тонна дизель отыны мен АИ-92 маркалы бензин бар, сондықтан да қиындық көріп тұрған жоқпыз", - деді ол.

Шенеуніктің айтуынша, нарықта бағаның өсуіне мораторий енгізілген, сондықтан жасанды тапшылыққа алғышарт жоқ.

Айта кетейік, 16 қазанда Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге уақытша мораторий енгізілді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, әрбір жанармай бекетінде мораторий енгізілген сәттегі қолданыстағы бөлшек баға бекітілген, бірақ ел бойынша бірыңғай шекті баға белгіленбеген.

Қазіргі таңда ірі желілерде АИ-92 бензинінің литрі 213–239 теңге, ал дизель отынының литрі 317–337 теңге аралығында сатылады.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 28 Қазан, 2025 11:42
Талқылау