Қазақстанда дәрігерді соққыға жыққандар 4 325 000 теңгеге дейін айыппұл арқалап, сотталмақ

Қазақстанда 2026 жылғы 7 наурыздан бастап медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өзгерістер соңғы жылдары еліміздің әртүрлі өңірлерінде медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдардан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген. Жаңа нормалар дәрігерлерге қатысты қоқан-лоқы көрсету және физикалық күш қолдану үшін жазаны күшейтеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ қызметтік міндетін атқарып жүрген жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын жаңа бап енгізілді.
Жаңа заңға сәйкес:
- Зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқыту үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін (865 000 теңгеден 2 162 500 теңгеге дейін) айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
- Егер бұл әрекет ауырлататын мән-жайлармен жасалса, жаза екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру болуы мүмкін.
- Өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолданған жағдайда 500-ден 1000 АЕК-ке дейін (2 162 500 теңгеден 4 325 000 теңгеге дейін) айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.
- Ал өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылық қолданылса, бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Егер ауырлататын мән-жайлар болса, жаза жеті жылдан 12 жылға дейін болуы мүмкін.
Министрлік заңнамалық өзгерістермен қатар медицина ұйымдарында қызметкерлердің қауіпсіздігін күшейту шаралары енгізіліп жатқанын мәлімдеді.
Атап айтқанда:
- 2,1 мыңнан астам фельдшер видеожетондармен жабдықталады;
- 636 қабылдау бөлімінде дабыл түймелері орнатылады;
- бейнебақылау жүйелері интеллектуалды талдау жүйелерімен біріктіріледі;
- елдегі 152 стационарда тәулік бойы полиция бекеттері жұмыс істейді.
Айта кетейік, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және денсаулық сақтау саласының басқа да қызметкерлеріне 280-нен астам шабуыл дерегі тіркелген.
- Түркістан халқы Астанада көз жұмған фельдшерге арнап ескерткіш тақта орнатты
- "Науқастар біреуді ұру үшін келмейді": Қазақстандық депутаттар дәрігерлерге жасалған шабуыл үшін жазаны жеңілдетуді ұсынды
Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облыстық ауруханасында науқас дәрігерге шабуыл жасағанын жазған едік. Науқастың шабуылынан есінен танып қалған Антон Кистанов кейіннен комаға түсті. Ауыр жарақат алған дәрігер санитарлық авиациямен Астанаға жедел медициналық жәрдем орталығына жеткізілген еді.
"8 наурызды тойламаймын": Қазақстандық әйелдер атаулы мерекеден не үшін бас тартқандарын айтты