Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Митингке шығатын ойым жоқ, өйткені мен гетеросексуалмын": Жаңбыршин ЛГБТ насихатына тыйым салатын заңға қатысты

Жаңбыршин ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң нормаларын түсіндірді

Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршин Instagram-дағы тікелей эфирде елімізде ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң нормаларын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Эфир басында депутат заң қандай да бір сексуалдық қатынасқа тыйым салмайтынын айтты.

"Үйіңізде, жұбайыңызбен немесе серіктесіңізбен қандай қатынаста боласыз өз еркіңіз, оған ешкімнің қатысы жоқ. Біздің заңда ЛГБТ өкілі болуға тыйым жоқ. Тағы қайталап айтамын, ЛГБТ өкілі болуға Қазақстан заңнамасында тыйым салынбайды. Тек ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салынады, яғни сіз өзіңіздің ЛГБТ өкілі екеніңізді насихаттамаңыз. Мен, мысалы, гетеросексуал екенімді насихаттамаймын, митинг ұйымдастырмаймын, пикетке шықпаймын, мен гетеросексуалмын деп жар салмаймын", – деді Жанбыршин.

Депутат ешкімнің жеке қарым-қатынасына немесе ориентациясына тыйым жоқ екенін, тек жария түрде көрсету шектелетінін айтты.

"Өз жеке өмірлеріңізді өздеріңіз жасай беріңіздер, бірақ қоғамға таңуға, үгіттеуге болмайды, тыйым осыған қатысты. Арнайы семинарлар, курстар ұйымдастырып, психологиялық тұрғыдан әлі жетілмеген жастарды тартпаңыздар. Мектептерге, балабақшаларға бармаңыздар. Өз символикаларыңызды, ойыншықтарыңызды, фильмдерді насихаттамаңыздар. Халықтың пікірін манипуляциялаудың қажеті жоқ. Үйіңізде, өз ортаңызда кім болғыңыз келсе болыңыз. Бірақ оны насихаттамаңыз. Бұл екі бөлек нәрсе", – деп түсіндірді депутат.

Жанбыршин тағы да Қазақстанда ЛГБТ өкілі болуға тыйым жоқ екенін айтты.

"Қай жерде ЛГБТ өкілі болуға тыйым салынғанын маған көрсетіңізші. Қазақстан заңында ондай норма жоқ. Басқа елдерде бар, мысалы, Өзбекстанда ЛГБТ өкілі болуға тыйым салынады. Ал бізде ондай жоқ. Заңды оқыңыздар, зерттеңіздер", – деді ол.

Мәжілісмен сондай-ақ шектеулер тек насихатқа жататын әрекеттерге қатысты болатынын мәлімдеді.

"Бірінші кезекте Қазақстанда ЛГБТ өкілдеріне өмір сүруге заң жүзінде ешкім тыйым салмайды. Ешкімді түрмеге отырғызбайды. Бірақ егер сіз өзіңізді осы топтың өкілі ретінде жариялап, басқаларды соған шақырып, насихат жасайтын болсаңыз, семинарлар, курстар, акциялар, митингілер, пикеттер өткізсеңіз немесе БАҚ-та, әлеуметтік желілерде арнайы символиканы көрсетсеңіз, тек сол жағдайда ғана шектеу қолданылады", – деді Жанбыршин.

Ол бұл тыйым жарнамаға және ЛГБТ символикасы бар тауарларға да қатысты болатынын айтты.

"Жарнама, арнайы ойыншықтар, фильмдер, мультфильмдер. Егер символика мен атрибуттар қолданылса, оған да тыйым салынады", – деді депутат.

ЛГБТ насихатына тыйым салатын норма архив ісіне қатысты заң жобасына енгізілген. 

"Балалардың денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау мақсатында педофилияны және дәстүрлі емес сексуалдық қатынасты насихаттайтын ақпаратты қоғамдық кеңістікте, сондай-ақ БАҚ-та, телекоммуникациялық желілерде және онлайн платформаларда орналастыруға шектеу енгізіледі", – делінген Заң мәтінінде.

Бұл түзету күшіне ену үшін cенат оны мақұлдап, президент қол қоюға тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мәжіліс ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды қабылдағаны хабарланған еді.

Рая Мінәп
Дүйсенбі, 24 Қараша, 2025 16:34
Талқылау