Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғылым министрлігі бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттейді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірыңғай уақыт белдеуінің адам денсаулығына әсері қайта зерттелетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Freepik.com

Саясат Нұрбек зерттеу жұмыстарына еліміздегі жетекші ғалымдар атсалысатынын айтты.

"Бізге денсаулық сақтау министрлігінен жекелеген ғылыми зерттеу жүргізуге қатысты өтінім келіп түсті. Бұл жұмысқа жетекші институттарымызды жұмылдырамыз. Медицина бөлігінде денсаулық сақтау министрлігінің институттары да атсалысады. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия алдағы уақытта отырыс өткізеді. Бұл мәселені сонда шешеміз. Оң шешім табылған жағдайда бірден конкурс жариялап, зерттеуге кірісеміз", – деді ведомство басшысы Саясат Нұрбек сенат кулуарында.

Ведомство басшысы зерттеу жұмысын жүргізуге қанша қаражат қажет болатынын нақты айтпады. Бірақ ол өтініштер келіп түскенін және әрі қарай қанша бөлінетінін анықтайтынын атап өтті.



Еске салайық, бұған дейін депутаттар уақыт белдеуі мәселесі мәжіліс отырысында қаралатынын айтты. 1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысты. Алайда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтар жарыққа көп шығындалатын болды. Наурызда ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған. Бұдан бөлек бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік. Ал министрлік бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қанағаттандырмай қойды.

Талқылау