Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда биыл дәрі 25%-ға дейін арзандайды – Денсаулық сақтау министрлігі 

Денсаулық сақтау министрлігі елде шектік бағаны белгілеу саясаты енгізілген соң дәрі-дәрмек құны 10-25%-ға дейін арзандайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры Жандос Әділхан дәрі бағасында қандай өзгерістер болатынын айтты. 

"Қазір дәрі-дәрмек бағасын белгілеудің жаңа механизмі қабылданды. Соған байланысты денсаулық сақтау министрлігінде эксперттік сараптама орталығы бар. Жобамен дәрі-дәрмек бағасы 10-25% түседі деп болжанып отыр", – деді ол.

Министрлік өкілдерінің мәліметінше, алдағы уақытта дәрі бағасына қатысты бұйрық жария етіледі. Бұйрықта дәрілердің жаңа бағасы көрсетіледі екен. 

Сондай-ақ Жандос Әділхан 2025 жылы елде тегін берілетін дәрілердің тапшылығы болмайды деп сендірді. 

"Бүгінде бұл мәселе өз шешімін тапты. Биыл дәріні сатып алу процесі ерте жүргізілгендіктен,  барлық емдеу мекемелері дәрімен қамтылды. Сондай-ақ бүгінде "СК-Фармация" компаниясы тарапынан төмендемейтін қор қалыптасты. Бұл жоба биыл алғаш рет енгізілді. Аталған қор қажеттілігіне байланысты дәрілермен толықтырылып отырады. Сондықтан 2025 жылы тегін дәрінің тапшылығы болмайды деп болжауға болады", – деп қосты ол.

Талқылау