Қазақстанда бензин бағасының өсуіне байланысты азық-түлік те қымбаттайды
Фото: pixabay.com
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бензин бағасының өсуіне байланысты Қазақстанда азық-түліктің қымбаттайтынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, кез келген өнімнің өзіндік құнына жанармай мен логистика кіреді.
"Баға өседі. Бірақ біз тиісті шараларды қабылдап жатырмыз", – деді министр.
Оның айтуынша, жыл сайын жазда өнім жиналуына және ішкі нарықтың толуына байланысты баға индексі төмендейді. Алайда, өнімнің өзіндік құнында жанармай мен дизельдің үлесі жоғары.
"Әрбір тауардың өзіндік құны бар. Бағаға жанармай мен логистика кіреді. Сондықтан бензин қымбаттаса, бұл азық-түлікке де әсер етеді", – деді Шаққалиев.
Сондай-ақ, министр азық-түлік өндірушілерді қолдау үшін бірқатар шаралар қарастырылғанын айтты. Қажет болған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар жеңілдетілген жанармайға лимит бөледі. Ал жанармай өндірушілер өнімді төмендетілген бағамен ұсынады. Бұл өнімнің өзіндік құнының шектен тыс өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
Министр Арман Шаққалиевтің айтуынша, Сауда және интеграция министрлігі нарықтағы жағдайды бақылау үшін өңірлік комиссиялар арқылы ірі көтерме және бөлшек сауда желілерімен жұмыс жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта тасымал шығындарын азайту, тауар түрлерін көбейту және тапшылыққа жол бермеу жоспарланған.
Министрліктің есебіне сәйкес, жылдық инфляция 10,5%-ға дейін жетуі мүмкін. Бірақ үкімет оны 7,5–8% шегінде ұстауды мақсат етіп отыр.
"Бұл шектен шықпас үшін азық-түлік бағасының ай сайынғы өсімі 0,4%-дан аспауы керек", – деді министр.
Ол сонымен қатар үкіметте бағаны тұрақтандыруға арналған нақты жоспар бар екенін атап өтті.
"Біз бағаның күрт шарықтауына жол бермеу үшін барлық қажет шараларды қабылдап жатырмыз. Бірақ иә, баға өседі", – деді Шаққалиев.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
