Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ажырасқаннан кейінгі баламен қарым-қатынасқа қатысты жаңа ережелер бекітілді

Қазақстанда 13 сәуірден бастап ата-ана мен туыстар арасында баламен қарым-қатынас жасау тәртібіне байланысты дауларды шешудің бірыңғай ережесі қолданысқа енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik

Бұған дейін бұл мәселе қорғаншылық органдарымен қаралып, әр өңірде әртүрлі тәсіл қолданылған еді. Енді барлық өңірде Оқу-ағарту министрлігі бекіткен ортақ тәртіп іске асады.

Ата-анаға немесе жақын туыстарына – атасына, әжесіне, ағасына немесе әпкесіне баламен қарым-қатынас жасауға шектеу қойылған жағдайда, баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органына өтініш бере алады.



Өтінішке келесі құжаттар қоса тіркеледі:

  • жеке куәліктің көшірмесі;
  • наркологиялық және психиатриялық диспансерлерден анықтамалар;
  • соттылығы жоқ екені туралы анықтама;
  • мекенжайын растайтын құжат.

"Алғаш рет күрделі де сезімтал мәселелерді шешудің бірыңғай тәртібін енгізіп отырмыз. Бұл – баланың құқығы мен мүддесін қорғауға, оның жақындарымен байланысын үзбеуге бағытталған нақты қадам", – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова. 

Қорғаншылық органы өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарап шығады. Осы мерзімде мамандар екі тараппен жеке сөйлесіп, қажет болса тұрмыстық жағдайды зерделейді. Егер бала 10 жасқа толған болса, оның да пікірі ескеріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда балаларды кешкі уақыттан қабылдайтын түнгі балабақша пайда болғаны туралы жазған едік.

Талқылау