Қазақстанда бала асырап алушыларға қойылатын талаптар күшейеді
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның сөзінше, балалар үйінен шыққан немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуде отбасылық жұптарға басымдық беруді қарастыратын бірқатар заң нормалары әзірленген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
2024 жылғы 23 шілдеде Конституциялық сот "Неке және отбасы туралы" кодекстің ерлерге некеде тұрмай бала асырап алуға тыйым салатын тармағын Конституцияға сәйкес емес деп таныды.
Алайда Бас прокуратураның мәліметінше, балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың 99%-ын ер адамдар жасайды. Осыған байланысты сенатор Нүрия Ниязова министрліктен бала асырап алу кезінде ерлі-зайыптыларға басымдық беру мәселесінің қалай қаралып жатқанын сұрады.
Вице-министр Еділ Оспан ерлі-зайыптыларға басымдық беретін заңнамалар әзірленгенін айтты.
"Сондай-ақ үміткерлерге қойылатын талаптарды қатайту бойынша шаралар кешені әзірленді. Бұл тұрғыда бала асырап алушы мен асырауға берілетін баланың жас айырмашылығын анықтау, бала асырап алушының соттылығы туралы ақпаратты жыл сайын жаңарту, міндетті психологиялық диагностикадан және аккредиттелген ұйымдар арқылы тиісті оқытудан өту ескерілген. Қазір бұл түзетулер мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Осы рәсімдерден кейін түзетулер пакеті Парламент қарауына енгізілмек", – деп түсіндірді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда үйленбеген ер адамдар бала асырап алу құқығына қол жеткізгенін жазған едік. Конституциялық соттың мәліметінше, "Неке және отбасы туралы" кодекстің 91-бабы 2-тармағының 11-тармақшасы заңға сәйкес емес. Бұл норма некеде тұрмаған ер адамдарға бала асырап алуға тыйым салды. Оған сәйкес, ер адам тек баланың анасы қайтыс болғанда немесе ата-ана құқығынан айырылғаннан кейін кем дегенде үш жыл бала тәрбиелеген жағдайда ғана жол берілген. Шешім осы ережені кемсітушілік деп санаған қазақстандықтың өтінішінен кейін қабылданды. Ол некесіз әйелдер үшін мұндай шектеулер қолданылмайтынын атап өтті.