Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бағаларды тұрақтандыруға бөлінген миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалған

Фото: novyjoskol-r31.gosweb.gosuslugi.ru

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға бөлінген миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің талдауы өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметінде жүйелі заңбұзушылықтар мен ашықтықтың болмауын көрсетті. Кей өңірлерде қарыздар қайтарылмай ұзартылып, бюджет қаржысына алынған өнімдер нарыққа жетпеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жүзеге асырылып жатқан баға тұрақтандыру тетігінің тиімділігіне кешенді талдау жүргізді. 

Талдау нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға бағытталған бұл тетік тиімсіз пайдаланылып, адал бәсекелестік, тең қолжетімділік және ашықтық қағидаттарының жүйелі түрде бұзылғаны анықталды.

Бірқатар өңірде қарыз шарттарының орындалмауы және олардың бірнеше рет негізсіз ұзартылуы тіркелген. Мысалы, бір қарыз алушыға 489 миллион теңге көлемінде несие беріліп, ол бірнеше рет ұзартылғанымен, қаражат қайтарылмаған. Сондай-ақ жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгеден асатын займдар да осылайша қайта-қайта ұзартылған. Кей жағдайларда жекелеген субъектілерге пайызсыз жеңілдетілген несие беріліп, оларға негізсіз артықшылықтар жасалған.

Бұған қоса, бюджет қаражатына сатып алынған тауарлар сауда желілеріне толық жеткізілмегені анықталды. Соңғы екі жыл ішінде сатып алынған өнім көлемінің тек 19%-ы ғана сатылған, ал 2021 жылы алынған кейбір өнімдер әлі күнге дейін қоймаларда сақтаулы тұр.

Қаражаттың тиімсіз жұмсалған фактілері де белгілі болды. Мәселен, баға тұрақты болған қазан-сәуір айларында картоп сатып алуға 5,1 миллиард теңге бөлінсе, ал тапшылық байқалған мамыр–шілде айларында тұрақтандыру шаралары қолданылмаған. Сондай-ақ келісімшарттардың орындалу мерзімдері мен шарттарында айырмашылықтар анықталып, тең қолжетімділік қағидаты бұзылған.

Агенттік жүргізген тергеу нәтижесінде бір ӘКК-ге 300 АЕК (1,18 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды. Тағы сегіз ӘКК-ге әртүрлі антимонополиялық заңбұзушылықтар бойынша ескерту хаттар жолданды.

Агенттік талдау қорытындысы бойынша бірыңғай шарт талаптарын бекіту, міндеттемелер орындалмай пролонгация жасауға тыйым салу, бөлу жоспарларын жариялау міндетін енгізу және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірледі.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 20 Қазан, 2025 16:36
Талқылау