Қазақстанда автомектептердегі оқыту және жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгертілмек
Премьер-министр Олжас Бектенов жүргізушілерді оқытуды аяқтау және жүргізуші куәлігін алу тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министр автомектептерге қойылатын талаптардың төмендеуі жүргізушілерді даярлау сапасы мен жүргізу мәдениетіне теріс әсер еткенін атап өтті. Сөзінше, қазір автомектептерді ашу үшін лицензиялар мен рұқсаттар талап етілмейді. Олардың көбінде қажет материалдық база жоқ. Сапасыз дайындық үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастағандықтан, оқу процесі көбіне формальды түрде жүзеге асырылады.
Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық автомектепті есепке алу тапсырылды. Сондай-ақ халықаралық тәжірибе талданады және қажет болған жағдайда жүргізушілерді даярлау және жүргізуші куәлігін алу тәсілдері қайта қаралады.
"Автокөліктің техникалық жай-күйі жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Жыл сайын еліміздегі автопарк өсіп келеді. Автокөліктерді техникалық тексеру сапасыз жүргізіледі. Техникалық қызмет көрсету орталықтары бас пайдасын ғана ойлап, жұмыс істейді. Жол үстіндегі қауіпсіздік және адамдардың өмірін сақтау мәселесі жекелеген тұлғалардың мүддесінен биік тұруға тиіс”, – деді премьер-министр.
Ол көлік министрлігіне көлік құралдарына техникалық тексеру жүргізу сапасын тиімді бақылау тетігін әзірлеуді тапсырды.