Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді камералар қолында телефон ұстаған және қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді тіркейтін болады

Көлікте телефон қолданатындарға айыппұл салынадыФото: Freepik.com

12 наурыздан бастап камералар қолында телефон ұстаған және қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді тіркейтін болады. Бұған қоса, жаңа жүйе көлік кептелісін тудырғандар мен сыртқы жарық құралдарын дұрыс пайдаланбағандарға автоматты түрде ескерту шығарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, 12 наурыздан бастап күшіне енетін өзгерістерде ешқандай жаңа ереже кіргізілмеген, бұл тек бұрыннан бар құқықбұзушылықтар мен жол қозғалысы ережелерін тіркеудің техникалық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Мәселен бұған дейін рөлде отырып телефон қолданғандар мен қауіпсіздік белдігін тақпағандарды полиция қызметкерлері қолмен тіркесе, енді мұндай жағдайларды заманауи технологиялар арқылы анықтауға болады.

Министрлік ақпаратына сәйкес, бұған дейін автоматты режимде алты түрлі құқықбұзушылық тіркеліп келген:

  • жылдамдықты асыру;

  • бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту;

  • жол белгілері мен таңбалау талаптарын сақтамау;

  • дұрыс емес тоқтау немесе тұраққа қою;

  • басып озу ережесін және жолдағы орналасу тәртібін бұзу;

  • сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жол бермеу.

Енді заңнамада құқықбұзушылықтарды тіркеудің тағы үш тәсілі қарастырылып отыр. Біріншісі, классикалық камералар бұрынғыдай аталған құқықбұзушылықтарды тіркеуді жалғастыра береді. Екіншісі, камералар арнайы өлшеуді қажет етпейтін өзге де құқықбұзушылықтарды анықтай алады.

Үшіншісі, ЕРАП жүйесімен біріктірілген мемлекеттік дерекқорлар мәліметтерін пайдаланады. Бұл техникалық байқау мерзімінің өтіп кетуі, жарамды сақтандыру полисінің болмауы, қару сақтауға берілген рұқсат мерзімінің аяқталуы және осыған ұқсас басқа да жағдайлар секілді құжаттарға қатысты құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.

“Сонымен қатар енді жүйе көлік кептелісін тудырғандар, сыртқы жарық құралдарын дұрыс пайдаланбағандар және жол қозғалысы ережесін өзге де жолмен бұзғандарға автоматты түрде ескерту шығара алады. Бұрын мұндай жағдайда полиция қызметкерінің қатысуы және хаттаманы қолмен рәсімдеу қажет болса, енді бұл процесс автоматтандырылады”, – делінген хабарламада.

Өзгеріс жаяу жүргіншілерге әсер ете ме?

Кейінгі кезде желіде жүргізушілер секілді жаяу жүргіншілерге де камералар автоматты түрде айыппұл сала бастайды деген ақпарат тараған еді. Алайда Ішкі істер министрлігі мұны жоққа шығарды.

ІІМ өкілдері кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған “автоматты тіркеу камералары жаяу жүргіншілерді жауапкершілікке тартады” деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін де нақтылады. Олардың айтуынша, бұл жүйелер тек көлік құралдарын ғана бақылауға алады.

“Жалпы, енгізілген өзгерістер қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жолдар мен қоғамдық ортада ауыр салдар қаупін азайтуға бағытталған. Цифрлық шешімдерді қолдану қауіпті әрекеттерді дер кезінде анықтап, азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің алдын алуға мүмкіндік береді”, – деді Ішкі істер министрілігінің Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 27 Ақпан, 2026 19:09