Қазақстанда автокөлік пен жүк көліктерін мемлекетаралық шекарадан өткізу тәртібіне өзгерістер енгізілмек
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті
Қазақстан шекарасы арқылы автокөліктерді, жүк пен тауарларды өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда, көліктер ақылы негіздегі электронды кезек жүйесі арқылы өткізіледі. Жаңа ережелер жобасын Ұлттық экономика министрлігі "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа ереже авторларының айтуынша, бұл өзгерістер өткізу бекеттерінен өту және маршрутты жоспарлау кезінде "ашықтықты, тәртіп және ықтималдықты" арттырады.
Құжат 14 шілдеге дейін қоғамда талқыланады.
"Жоба қолданыстағы заңнама талаптарын, тасымалдаушылардың өтініштерін және құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып әзірленді", – делінген құжатта.
Жаңа ережелер жобасында, атап айтқанда, жалған деректер үшін жауапкершілік енгізу және өткізу пункттерінің маңында күту аймақтарын құруды жергілікті атқарушы органдарға міндеттеу қарастырылған.
Ережелердегі негізгі өзгерістер мыналар:
– Пайдаланушылардың жалған ақпарат беруі мен брондалған уақытты пайдаланбауы үшін жауапкершілік енгізіледі (аккаунттарды бұғаттау, кепілдік жүйесі арқылы жазалау);
– Өткізу пункттерінің жанында күту аймақтарын құру міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі;
– Кезектен тыс және жедел өткізу тәртібі нақты ажыратылып, жедел өту үшін жеке ақылы режим енгізіледі;
– Басымдық берілетін жүк түрлеріне (тірі жануарлар, тез бұзылатын өнімдер, қауіпті жүктер) арналған жеке слоттар қарастырылады;
– Фото және видео тіркеу, көлік құралдарын сәйкестендіру, мемлекеттік дерекқорлармен (мысалы, VIN-код және сақтандыру деректерімен) өзара әрекеттесу механизмдері нақтыланады;
– Бірнеше рет брондауға шектеу қойылып, уақытты кейінге шегеру мүмкіндігі енгізіледі, бұл ретте үдерістің ашықтығы мен басқарылуы сақталады.
Айта кетейік, жүк тасымалдаушылар жиі ұзын-сонар кезекке шағымданады. Мысалы, маусым айының басында Қазақстанның батысындағы шекарада жүргізушілер 10 шақырымға созылған кезекте тұрып қалды. Олар шекарадан өту үшін бірнеше тәулік бойы кезек күткен.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
