Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ұшақ билеттері арзандайды

Қазақстанда авиакеросин бағасының төмендеуіне байланысты әуе билеттері арзандайды
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда әуе отыны бағасының төмендеуіне байланысты әуе билеттері арзандайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Билік елдің транзиттік әлеуетін арттыру және авиакомпаниялар үшін ұшуды тиімді ету мақсатында әуежайларда авиакеросин бағасын кезең-кезеңімен төмендетіп жатыр. 

“Авиакеросин бағасы қатты көтеріліп кетті. Айта кету керек, ұшу бағасының 40%-ы әуе отынының бағасын құрайды. Біз транзиттік мүмкіндіктерімізді монетизациялау үшін әуежайларда арзан әуе отыны болуы керек. Үлкен әуежайларда әуе отынының бағасы орта есеппен 600 АҚШ доллары шамасында. Ал бізде отынның құны 1200–1300 доллар болған. Бағаны төмендету туралы тапсырма берілгеннен кейін эгергетика министрлігі 940 долларға дейін бағаны түсірді. Тағы да 100 долларға бағаны түсіру жоспарлануда. Осылай біртіндеп түсіретін боламыз. Сәйкесінше отын бағасы арзандаса, әуе билеттерінің бағасы төмендейді, логистика арзандайды және басқа да әуе компаниялары тартылады. Бұл әуе экономикасының ең маңызды факторларының бірі. Әуежайда сауда жасауға барлығының құқы бар. Ешқандай монополия жоқ”, – деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, отын бағасының арзандауы әуе билеттері мен жүк тасымалы құнының төмендеуіне, жаңа авиакомпаниялардың келуіне және Қазақстанның авиациялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.


Қазақстанда 2026 жылы жаңа халықаралық әуе бағыттары ашылады


Оған қоса энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдегі әуежайларда авиаотын бағасын төмендету бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді.
 
"Президент тапсырмасымен әуежай хабтарын дамыту аясында авиаотынның ұшаққа дайын күйдегі бағасы тоннасы 1200 доллардан 940 долларға дейін арзандатылды, әрі оны алдағы уақытта 890 долларға дейін төмендету жоспарланып отыр", – деді энергетика министрі үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, бұл отандық әуежайлардың бәсекеге қабілетін жақсартуға және "Air Atlanta", "Hungary Airlines", "One Air" сияқты халықаралық авиакомпаниялардың рейстер санын арттыруға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында әуе тарифтері мен әуе отыны мәселесін көтерді. Ол үкіметке әуе жанармайы (авиакеросин) мен әуежай тарифтерін қайта қарап, баға мәселесін шешуді тапсырған.

"Таяуда өткен кеңейтілген кеңесте авиаотынның қымбаттығы осы саланың дамуына кедергі болып отырғаны айтылды. Оның бағасы тым қымбат, көрші елдердің әуежайларындағы бағамен бәсекелесе алмайды. Өзіміз 100 миллион тонна көлемінде шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, қара алтыны жоқ мемлекеттермен авиакеросин бағасы жағынан таласқа түсе алмай отырмыз. Бұл ақылға сыймайды ғой?! Осы ретте, еліміздегі танымал экономистерге де, энергетиктерге де айтар қатаң сын-ескертпем бар. Кадрлық шешім қабылдау қажет болуы да мүмкін”, – деді Тоқаев.
Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 21 Қаңтар, 2026 18:33