Қазақстанда әуе рейсін кешіктіргендерге жаза қатаңдатылып, айыппұл 2 есе артады
Көлік министрлігі әуе рейсі кешігіп, кесте немесе бағыт өзгерген жағдайда айыппұлды екі есе арттыру қарастырылғанын жария етті. Министрлік бұл "Ашық НҚА" порталында талқыланып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген
Көлік министрлігінің дерегіне сенсек, рейс мәртебесі өзгерген жағдайда тасымалдаушының өз міндеттерін орындамауы немесе тиісті дәрежеде атқарылмағаны үшін айыппұлды 400 АЕК-ке (1 452 800 теңге) дейін ұлғайту ұсынылды. Айта кетейік, 2025 жылы 1 АЕК – 3 932 теңге болады.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылда қайталанған бұзушылық үшін айыппұл көлемі 2 000 АЕК (7 264 000 теңге) мөлшерінде болуы керек. Қазір бұл көрсеткіштер екі есе аз.
Министрлік қазіргі кезде рейс мәртебесінің өзгеруіне байланысты жолаушыларға қызмет көрсетпеу жағдайында әуекомпанияларды жауапқа тарту мүмкін емес екенін түсіндіреді. Сондықтан әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 567-бабына сәйкес (Тасымалдаушының кінәсінен рейс кешіккенде немесе орындалмағанда жолаушыға қызмет көрсетуді тиісінше орындамау) қаралады.
Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылы рейстердің кешігуінің 16 666 оқиғасы тіркелген. Ал 2024 жылдың қыркүйегінде бұл көрсеткіш 17 827-ге жеткен.
Еске салайық, бұған дейін көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда рейсті кешіктіргені үшін басқалармен қатар әуе компаниялары мен әуежайлардың топ-менеджерлерін жазалауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Үкімет отырысында министр қазір рейстердің кешігуіне үш фактор әсер етіп отырғанын түсіндірді. Министрдің сөзінше, елдегі алты әуежайда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстары, ауа райы жағдайлары және адам факторы және пайдаланылған әуе кемелерінің санының артуына әсер еткен жолаушылар ағынының өсуіне компания басшылары жауап береді