Қазақстанда Amazon интернеті қашан іске қосылатыны белгілі болды
Фото: shutterstock.com
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев Amazon Kuiper спутниктік интернетін іске қосу жұмыстары 2026 жылы басталып, 2027 жылдың соңына дейін қазақстандықтарға қолжетімді болатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін қыркүйек айында Қазақстан үкіметі мен Amazon компаниясы арасындағы келісім аясында "Қазақтелеком" Amazon Kuiper жобасының негізгі серіктесі ретінде бекітілген болатын.
"Негізгі серіктесіміз – "Қазақтелеком". Олар бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізіп жатыр. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз. 2026 жылы пилоттық жоба іске қосылды, 2027 жылдың соңына дейін жоба іске қосылады", – деді Досжан Мұсалиев.
"Қазақтелеком" әкімшілік директоры Ержан Мейрамовтың айтуынша, Amazon Kuiper —жерге жақын орбитадағы спутниктер жүйесі. Бұл Starlink сияқты төмен орбиталық байланыс жүйесін қолданады.
"Amazon Kuiper Қазақстан заңнамасына сәйкес жергілікті инфрақұрылымға инвестиция салады. Яғни ел аумағында арнайы жер үсті станцияларын (POP) салу қажет. Бұл байланыс және ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Осы бағытта халықаралық оператор тарапынан тиісті инвестициялар жоспарланып отыр", – деді Мейрамов.
Жоба іске қосылғаннан кейін интернет Қазақстанның барлық аумағын қамтиды. Ал қызмет бағасы әзірге белгісіз, инвестиция көлеміне және Amazon компаниясының баға саясатына байланысты анықталады.
Айта кетейік, 2024 жылғы қыркүйекте "Қазақтелеком" Amazon Kuiper жобасының ресми коммерциялық дистрибьюторы атанған болатын. Келісім президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы сапары кезінде жасалды.
Сонымен қатар 2025 жылдың ақпанында "Астана" Халықаралық қаржы орталығы базасында Amazon Kuiper Kazakhstan Limited компаниясы тіркелді. Оның жарғылық капиталы 480 млн теңге.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
