Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет жеңіл атлетикадан әлем чемпонаты өтеді

Жеңіл атлетикаФото:Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан тарихында алғаш рет жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

World Athletics кеңесінің 240-отырысының қорытындысы бойынша, 2030 жылғы дода Астана қаласында ұйымдастырылатын болды. Жарыс 15–17 наурыз аралығында өтпек.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Хасенов бұл шешімді отандық спорт үшін маңызды жетістік ретінде бағалады.

"Бұл – жеңіл атлетиканы дамыту жолындағы еңбегіміздің нәтижесі. Чемпионатты жоғары деңгейде өткізуге толық дайынбыз", – деді ол.

Аталған шешім Торунь қаласында өткен жиында қабылданды. Жиын барысында Себастьян Коу Қазақстан федерациясы өкілдерімен келіссөз жүргізіп, турнирді жаңа нарықтарға шығару стратегиясының маңызына тоқталды.

Айта кетейік, Астананың мұндай ірі доданы қабылдауына елорданың халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесі ықпал етті. Атап айтқанда, 2023 жылғы Азия чемпионаты мен 2024–2025 жылдардағы World Athletics Indoor Tour Gold кезеңдері.

2030 жылғы әлем чемпионаты Қазақстандағы жеңіл атлетиканың дамуына жаңа серпін бермек. Федерация бұл мүмкіндікті инфрақұрылымды жетілдіруге, жас спортшыларды даярлауға және ұлттық құраманың әлеуетін арттыруға бағыттауды көздеп отыр.

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 01 Сәуір, 2026 12:47