Қазақстанда алдағы үш күнде ауа температурасы -35 градусқа дейін барады

Қазгидромет 27–29 қаңтарға арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері шығысты бетке алған оңтүстік циклон Қазақстанның басым бөлігін қамтиды.
“Елдің көп өңірінде қар жауады, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыста жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын болады. Сондай-ақ боран, көктайғақ және жел күшейеді. Ал елдің солтүстік-батысы, солтүстігі мен орталығы антициклон ықпалында болады. Бұл аймақтарда желсіз, аязды және негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады”, – делінген хабарламада.
Болжам кезеңінің басында батыс және солтүстік облыстарда түнгі ауа температурасы –20…–35°C дейін төмендеп, аязды ауа райы сақталады. Кейін температура біртіндеп көтеріледі: түнде елдің батысы мен солтүстігінде –7…–20°C, күндіз –2…–12°C шамасында болады.
Ал республиканың орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде түнгі температура –3…–18°C, таулы аймақтарда –15…–23°C дейін төмендейді. Күндіз ауа температурасы 0…-7°C, таулы өңірлерде -8…–15°C болады.