Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда АЭС-ті салуы мүмкін компаниялар белгілі болды

"Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Тимур Жантикин Қазақстанда АЭС құрылысының технологияларын қай компаниялар жеткізе алатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тимур Жантикиннің айтуынша, 2019 жылы Қазақстан ядролық технологиялары озық шетелдік жеткізушілерінен бірнеше коммерциялық ұсыныстар алды. Нәтижесінде Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Франция және АҚШ-тың алты жеткізушісінен 13 заманауи реактор жобасы таңдалды.

"Ұсынылған технологияларды алдын ала бағалау үшін біз әлемдік тәжірибе мен атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) ұсынысы негізінде өзіміздің бағалау жүйемізді жасадық. Кейіннен бұл жүйені Францияның әйгілі Assystem инжинирингтік компаниясы мақұлдады", – деді Жантикин үкімет отырысында.

Ұсыныс білдірген 4 компания:

  • HPR1000 реакторы бар қытайлық CNNC компаниясы;
  • APR1000 және APR1400 реакторлары бар кореялық KHNP;
  • VVER-1200 бар ресейлік Росатом;
  • EPR1200 технологиясымен франциялық EDF.

Технологиялардан басқа, жобаның шамамен құны, оның мерзімі, қаржыландыру әдістері мен көздері айтылды.

"Референдум қорытындысы бойынша оң шешім қабылданса, ядролық технологияның жеткізушісін таңдап, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін бірлесіп әзірлейміз. Түсінуі керек нәрсе – Қазақстанның болашағы атом энергетикасымен тығыз байланысты", – деді Жантикин.

Ол атом электр станциялары әлемдегі ең қауіпсіз және сенімді энергия көздерінің бірі екенін айтты.

Табиғи-климат факторларын, энергетикалық жүйенің сипатын және болжамды электр энергиясының тапшылығын ескере отырып, сарапшылар мынадай қорытындыға келді:

  • Бір блоктың ұсынылатын қуаты – 1,4 ГВт дейін;
  • Станцияның жалпы қуаты – 2,8 ГВт дейін;
  • АЭС үшін ұсынылатын орын – Алматы облысы, Үлкен ауылының жанындағы Балқаш көлінің ауданы.

"Барлық тұжырымымызды The Japan Atomic Power Company және Marubeni Utility Services жапониялық компаниялардың консорциумы растады", – деді бас директор.

Сөзінше, Қазақстанда атом электр станцияларын салу үшін ұсынылатын оңтайлы технология – қауіпсіздік деңгейі жоғары және экономикалық көрсеткіштері жақсарған III және III+ буын қысымды су реакторлары.

Еске салайық, үкімет АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу туралы қаулы жобасын мақұлдады. 

Талқылау