Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әдемі нөмірлерді алу тәртібі өзгереді

әдемі көлік нөмірлерін рәсімдеу өзгереді

Фото: Stan.kz 

Қазақстанда келісті, әдемі көрінетін автокөлік нөмірлерін алу рәсімін өзгерту жоспарланып отыр. Бұған себеп мерекелік демалыстардан кейін бұл үшін ХҚКО-ға келушілер саны артқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкіметтегі брифингте Цифрлық даму министрінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин соңғы күндері арнайы ХҚКО-ларда кезектің көбеюіне бірнеше себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, бұған ұзақ мерекелік демалыс кезінде орталықтардың жұмыс істемеуі және әдемі автонөмірлерді таңдауға арналған жаңа қызметтің іске қосылуы әсер еткен.

"Мұндай жағдайлар жаңа қызметтер енгізілген кезде ғана емес, ұзақ демалыстардан кейін де жиі байқалады. Сонымен қатар әдемі және айнадай нөмірлерді таңдау сервисі іске қосылды. Ел бойынша шамамен 11 мың өтініш түсті", – деді Коняшкин.

Оның айтуынша, ведомство арнайы ХҚКО-ларда осы қызмет бойынша жұмыс істейтін операторлар санын арттырған. Сондықтан алдағы уақытта адамдардың жаппай жиналуы болжанбайды.

"Әрине, бір-екі күн ішінде белгілі бір сұраныс сақталуы мүмкін. Бірақ осы аптада eGov мобильді қосымшасы арқылы әдемі нөмірді онлайн таңдауға мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар “Азаматтарға арналған үкімет” те цифрлық сервисті іске қосады", – деді бірінші вице-министр.

Жүйенің мұндай өтініш санына дайындығы туралы сұраққа жауап берген Коняшкин жағдайды күрделі деп санамайтынын айтты.



"Біз техникалық немесе моральдық тұрғыда дайын болмадық деп айта алмаймын. Керісінше, дәл осындай сәттерде онлайн сервистердің маңызы айқын көрінеді. Біз операторларды жедел түрде қайта бөліп, санын көбейтіп, кез келген кептеліске тез әрекет етеміз", – деп атап өтті ол.

5 қаңтарда Қазақстандағы арнайы ХҚКО-ларда автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін таңдауға арналған жаңа қызметтің енгізілуіне байланысты сұраныс күрт артқан еді.

Еске салсақ, Қазақстандықтар енді көліктердің тіркеу нөмірлерін өздері таңдай алатыны туралы хабарлаған едік.

STAN.KZ
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 15:23