Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 54 жыл бұрынғы температура рекорды жаңарды

Фото: pixabay.com

2025 жылдың қараша айында Қазақстанның бірқатар өңірлерінде әдеттен тыс жылы ауа райы тіркеліп, соңғы 54 жылда сақталып келген температуралық рекордтар жаңарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Қазгидромет" синоптиктерінің мәліметінше, елдің бірқатар қалалары мен аудандарында ауаның ең жоғары температурасы бойынша жаңа рекордтар тіркеліп, бірнеше ондаған жыл бойы сақталып келген көрсеткіштерден асып түсті.

Ең қатты жылыну қараша айының ортасынан кейін байқалды. Мәселен, 14 қарашада Ақтөбе метеостанциясында ауа температурасы +13,2°C-қа жетіп, 2023 жылғы рекордты (+10,6°C) жаңартты. Келесі күні мұнда тағы бір максимум тіркелді +11,4°C, бұл 2001 жылғы көрсеткіштен жоғары.

Нормадан ауытқыған жылы ауа райы солтүстік өңірлерде де байқалды. Көкшетауда 19 қарашада ауа температурасы +8,3°C-қа дейін көтеріліп, 1977 жылғы рекорд жаңарды, ал 23 қарашада +5,2°C тіркеліп, 1995 жылғы мәннен асты.

Жезқазғанда қатарынан үш температуралық рекорд орнатылды. 24-26 қараша аралығында күндізгі температура тиісінше +13,3°C, +10,3°C және +12,3°C-қа жетіп, әр жылдардағы бұрынғы максимумдардан асып түсті. 26 қарашада Қарағандыда +9,4°C тіркеліп, 1971 жылғы рекорд айтарлықтай жоғары көрсеткішпен жаңарды.

Қараша айында ауа массаларының жиі ауысуына байланысты қарқынды жауын-шашын мен қолайсыз метеорологиялық құбылыстар байқалды. Жекелеген аудандарда жаңбыр мен қар жауып, тұман, көктайғақ және желдің күшеюі тіркелді. Мысалы, 4 қарашада Түркістан облысындағы Шуылдақ метеостанциясында 28 миллиметр қар жауып, бұл айлық норманың үштен бірінен астамын құрады. Жетісу облысында бірнеше күн бойы секундына 36 метрге дейін жететін дауылды жел соқты. Батыс Қазақстан облысында 15 қарашада көріну қашықтығы небәрі 50 метрге дейін төмендеген қалың тұман байқалды.

Қостанай облысында да қалың қар жауды. Кейбір елді мекендерде бір тәуліктің ішінде айлық жауын-шашын мөлшерінің жартысына жуығы түсті. Елордада қараша айындағы ауаның орташа температурасы +0,3°C болып, климаттық нормадан 5,5 °C-қа жоғары болды. Айдағы ең төменгі температура 4 қарашада (-12,3°C), ал ең жоғары көрсеткіш 26 қарашада (+7,8 °C) тіркелді. Астанада жауын-шашын мөлшері де нормадан едәуір асып түсті. Ай ішінде 63 мм жауын-шашын жауып, бұл көпжылдық орташа мәннің 217 %-ына тең.



Еске салайық, бұған дейін кейінгі жылдары жаһандық жылыну қарқыны күрт күшейіп, 2023-2025 жылдар аралығындағы орташа температура алғаш рет индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда +1,5°C межеден асты. БҰҰ мен Коперник климат орталығының деректеріне сәйкес, соңғы 11 жыл бақылау тарихындағы ең ыстық кезең ретінде тіркеліп, климаттың өзгеруі экстремалды ауа райы құбылыстарының, табиғи апаттардың және адам шығынының артуына әкеп соқпақ.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 22 Желтоқсан, 2025 09:53