Қазақстанда 26 күнге жетерлік жанармай қоры қалды
Әлеуметтік желіде "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ елде жанармай тапшылығына байланысты қазан айында 50 мың тонна АИ-92 маркалы ресейлік бензинді сатып алуды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NewTimes.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pexels.com
Желіде трейдерлердің бағамдауынша, Қазақстанда жанармай қоры айдың екінші жартысында таусылып, тапшылық болады деген ақпарат тарады. Сондай-ақ онда Қазақстанға импорт керегі туралы жазылған.
"ҚазМұнайГаз" 1 қазаннан бастап "Атырау мұнай өңдеу зауыты” ЖШС жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тоқтатылғанын мәлімдеді. Компанияның мәлімдеуінше, зауыт жұмысы тоқтату кезінде тұтынушыларды жанармаймен қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерінің қоры жиналды. Оның ішінде 25 мың тоннадан астам АИ-92 бензині, 17 мың тоннадан астам дизельдік отын және 6 мың тоннадан астам авиакеросин бар.
Сондай-ақ 3 қазандағы жағдайға сәйкес, қазір Қазақстанның ішкі нарығын қамтитын АИ-92 және дизель отынының қоры 25 не 26 күндік мерзімге жететіні нақтыланды.
“Павлодар мұнай-химия зауыты” ЖШС мен “ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС компаниясы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Мұнай өнімдерін өндіру және жөнелту жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланды. Жиналған қорлар қадағаланып, таусылған жағдайда тиісті шаралар қабылданады”, – деп жауап берді компания.
Бұған дейін солтүстік Қазақстанда көлік жүргізушілері жанармай тапшылығына шағымданған еді.