"Қазақстанда 2030 жылы соғыс басталуы мүмкін": Депутат Бапи қорғаныс министрлігіне бөлінген қаржыға ашуланды
Бүгін мәжілісте қаржы министрлігі 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырды. Осы кезде депутат Ермұрат Бапи әр салаға бөлінген ақшаның тиынына дейін санап, пікірталас тудырды. Оның айтуынша, Қазақстан Украинамен салыстырғанда қорғанысқа тым аз ақша жұмсайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: parlam.kz
Депутат Бапи Қазақстанның Украинамен салыстырғанда қорғанысқа тым аз ақша жұмсайтынын айтып наразы болды.
"Бюджеттегі тапшылық! Кепкен тулақ сияқты дүние ғой. Ешкінің кепкен терісі сияқты – былай тартсаң былай жетпейді, былай тартсаң былай жетпейді. Екі жаққа тартсаң, жыртылып, айырылып кетуі мүмкін. Егер біз геосаяси тәуекелдерді есепке алсақ, осы тапшылықтың бәрі түкке тұрмай қалады. Сондықтан мен ұлттық экономика министрлігінен сұрайын дедім. Қорғаныс саласына бөлінген сома көрсетілді. Бірақ бұл сандар бізге ешнәрсені көрсетпейді. Украинадағы жағдаймен салыстырғанда… Жалпы ішкі өнімнің қанша бөлігін қорғаныс министрлігіне бөліп отырсыздар? – деп сұрады Ермұрат Бапи.
Сонымен қатар ол мамандардың есебін әкеліп, мұндай күйімізбен 2030 жылы соғыс болуы мүмкін екенін айтты.
"Биылғы бюджетте 0,8, келесі 0,4% дейсіз. Бұл не қаржыландыру? Кім жауап береді? Қорғаныс министрлігі қазір біздің қауіп-қатер мынау... Мамандардың есебі бойынша 2030 жылы соғыс болады. Сондай тәуекел бар. Ол, тіпті, біздің қорғаныс ведомствосында сондай болжам бар. Әлемдік сарапшыларды есепке алмағанда! Осындай жағдайда біздің қорғаныс саласына 0,4% бөлу деген, бұл не? Не "заговор" бұл? Қайдан шыққан есеп бұл? Біз мұны әлі көтереміз! – дейді Ермұрат Бапи.
Еске салайық, бұған дейін депутат Ермұрат Бапи комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтарға қатысты жанжал жасанды түрде өрбіп жатқанын, әскери немесе медицина өкілдерінің бірі әдейі теріс ақпарат таратуы мүмкін екенін айтқан еді.