Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы 20 өңірде дәрілердің бағасы төмендеді: Жаппай қымбаттау туралы ақпарат жалған болып шықты

Фото: pexels.com

Қазақстанда дәрілік заттардың жаппай қымбаттауы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы енгізілген жаңартылған мемлекеттік реттеу тетігі нәтижесінде бірқатар препараттардың бағасы 7-11%-ға дейін төмендеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде дәрілік заттар бағасының жаппай өсуі туралы ақпарат таралуда. Алайда бұл мәліметтер жүргізілген ресми мониторинг нәтижелеріне сәйкес келмейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2025 жылы елімізде дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеудің жаңартылған тетігі іске асырылып жатқанын мәлімдеді. Жаңа тетік баға қалыптастыру үдерісінің ашықтығын, объективтілігін және болжамдылығын арттыруға бағытталған.

"Қазір елімізде 4 994 сауда атауындағы дәрілік заттарға шекті бағалар бекітілген. Сонымен қатар 1 707 рецептісіз босатылатын препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, уәкілетті органдардың тұрақты мониторингі жағдайында нарықтық бағамен сатылып жатыр", –делінген комитет хабарламасында.

Комитет мәліметінше, еліміздің 20 өңірінде жүргізілген мониторинг нәтижелері бағаның төмендеу үрдісін көрсеткен. Атап айтқанда, қыркүйек айында маусыммен салыстырғанда дәрілік заттар позицияларының 34%-ында баға орта есеппен 7,8% арзандаған. Ал қазан айында позициялардың 50%-ында баға орта есеппен 11,1%-ға төмендегені тіркелген.

Бағаның айтарлықтай төмендеуі келесі препараттар бойынша байқалған:

  • "Гепар комп. Хеель" – 41,2%;
  • "Ревмоксикам®" – 32,5%;
  • "Цефяпс" – 31,6%;
  • "ВАЛМАК-Н" – 24,7%;
  • "Зитмак®" – 20,0%.

Аталған дәрілік заттар түрлі ауруларды емдеуде кеңінен қолданылатын және халық арасында сұранысқа ие препараттар саналады. Комитет өкілдері дәрілік заттар бағасына жүйелі мониторинг жүргізу жалғасатынын хабарлады. Белгіленген шекті бағадан асырып сату фактілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.



Бағаны негізсіз көтеру немесе дәрілік заттарды өткізу кезінде заңбұзушылықтар туралы азаматтар DariKZ мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаменттеріне хабарлай алады. Барлық өтініштер заңнамаға сәйкес қаралады. Құзырлы орган тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және тексерілген деректерге сенуге шақырды.

Еске салайық, бұған дейін белгілі актриса әрі блогер Таня Турлай анасының ем алу барысында Рудный қалалық көпсалалы ауруханасы терапия бөлімінде дәрі-дәрмек пен медициналық материалдар жетіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бөлімшеде физерітінді, бинт, тамшылатқыш жүйелер және кейбір негізгі препараттар тапшы болған, ал кей науқастар қажетті дәрілерді өздері сатып алуға мәжбүр. Аталған жазбадан кейін денсаулық сақтау министрлігі қарасты медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ауруханада жоспардан тыс тексеріс бастағанын хабарлады.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 26 Ақпан, 2026 14:36