Қазақстан жолдарында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына 2027 жылдан бастап шектеу қойылмақ
Фото: pixabay.com
Қазақстанда салмағы 25 тоннадан асатын ауыр жүк көліктерінің жалпы пайдаланымдағы жолдарда жүруіне кезең-кезеңімен шектеу енгізіледі. Бұл туралы Көлікт министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, қазақстандық жолдар бір оське 8 тоннадан артық жүкке арналмаған, ал мысалы Howo сияқты карьерлік ауыр жүк көліктерінің массасы 60 тоннаға дейін жетеді.
"Мұндай көліктер жолға шықса, бір жыл ішінде барлық жолды бүлдіреді. 1 трлн теңге жұмсап салған жолды бір күнде бұзу дұрыс емес. Бұл машиналар факті бойынша вагонға тең және тасжолдарға шықпауы тиіс", - деді министр Үкіметтегі брифингте.
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша 36 мыңнан астам осындай көлік тіркелген.
“Бұрын бұл көліктерді көп сатып алғандықтан, бастапқы тәсіл біраз өзгертілген. Шектеу 1 қаңтардан бастап бірден енгізілмейді, алдымен үлкен қалаларда, кейін облыс орталықтарында күшіне енеді. Тіпті Астанада да осындай ауыр жүк көліктері қалалық жолдарда жүріп, оларды бүлдіруде. Теңгерімді табу үшін осындай шешім қабылдадық. Толық шектеу 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілуі мүмкін", - деді Нұрлан Сауранбаев.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда 25 тоннадан ауыр үш осьті жүк көліктердің жалпыға қолжетімді жолдарда жүруіне тыйым салатын заң күшіне енетіні хабарланған еді.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады