Қазақстан Украинаның Каспий құбыр консорциумына жасаған шабуылынан 238 миллион доллар шығынға ұшырады
Фото: ria.ru
Қазақстан Украинаның Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасаған шабуылы салдарынан 238 миллион доллар шығынға ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, шабуылға байланысты Қазақстан 480 мың тонна мұнай жоғалтқан.
“Әрине, КҚК-ға жасалған шабуылдар мұнай өндіруге әсер етті. Қазір шығын көлемі 480 мың тоннаға жетті”, – деді министр.
Ақкенженовтің айтуынша, 15 желтоқсанға дейін жөндеу жұмыстары жүріп жатқан №3 айлақ құрылғысын іске қосу жоспарланып отыр. Ал дрондардың шабуылы салдарынан зақымданған басқа құрылғы бойынша қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.
Министр зақымның өте күрделі екенін мойындады:
“Үш метрге екі жарым метрлік тесік – бұл өте үлкен”, – деді министр.
Сонымен қатар, энергетика министрі Қазақстанның КҚК-дан бас тартуды жоспарлап отырған жоқ екенін, себебі мұнай экспорттаудың балама бағыты жоқ екенін атап өтті. Бастапқыда 2025 жылы құбыр арқылы рекордтық 72 млн тонна мұнай айдау жоспарланған еді, алайда шабуылдар салдарынан бұл көлем 68 млн тоннаға дейін төмендетілді.
Украина Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді
Энергетика министрінің айтуынша, бұл шығындардың орнын толтыруға болады және Қазақстан жылдық мұнай өндіру жоспарын орындайды. Алайда КҚК-да әлі де тек бір ғана айлақ жұмыс істеп тұр, бұл Қазақстан экспортының толық көлемде жүзеге асуына жеткіліксіз.
Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) КҚК-ға жасалған шабуыл салдарынан Қазақстан 238 млн доллар немесе 123,4 млрд теңге жоғалтқанын мәлімдеді. Есеп министр Ерлан Ақкенженовтің сөздеріне негізделгені айтылған.
Еске салайық, бұған дейін 29 қарашада Украина дрондары Каспий құбыр консорциумының Теңіз терминалына тағы бір шабуыл жасап, салдарынан сыртқы айлақтық құрылғы ауыр зақымданған еді. Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
"Аппақ дәлізбен жүріп өтіп, жындарды көрдім": Жүрегін ауыстырған қазақстандық клиникалық өлім мен тылсым құбылыс туралы айтты