Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан үкіметі шенеуніктерді пара алды деп айыптап, ірі мұнай компанияларынан миллиардтаған доллар талап етіп отыр

Фото: reuters.com

Қазақстан үкіметі Швецияда өткен құпия арбитраждық іс барысында жеңіске жетті. Олар сот процесінде шенеуніктердің елдің ірі кен орындарының біріндегі мұнай компанияларының миллиардтаған шығынын бекіту үшін пара алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Үкімет компанияларға төленген, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде берілген 4 миллиард долларға дейінгі қаражатты қайтаруды көздеп отыр. 

Халықаралық арбитражда Қазақстан Қарашығанақ газ-конденсат кен орнын бірлесіп игерген консорциумға қарсы шықты. Консорциум құрамына Shell, Италияның Eni, АҚШ-тың Chevron, Ресейдің Lukoil және мемлекеттік ҚазМұнайГаз компаниялары кіріп, 2010–2020 жылдары миллиардтаған доллар шығынға батқан.

Дереккөздің айтуынша, 20 қаңтардағы құпия шешімде Стокгольмд соты кейбір даулы сот шығындары бойынша Қазақстанның пайдасына шешім шығарған. Ал осы жылдың соңында болатын соңғы шешім Қазақстанға берілетін нақты соманы анықтайды. Үкімет өкілінің мәліметінше, болжам бойынша бұл сома 2-4 миллиард доллар шамасында болуы мүмкін.

Сәрсенбі күні Қазақстанның энергетика министрі жеңісті “жағымды әрі қуанышты жаңалық” деп атады. Десе де үкімет өкілі шешімнің егжей-тегжейін айтпады. 

“Соңғы шешім қабылданғанға дейін арбитраждық іс жүргізу туралы түсініктеме бере алмаймыз. Ал қазір айтылып жүрген сомалар ресми емес, тек болжам”, – деді Eni өкілі.

Karachaganak Petroleum Operating консорциумы, Chevron, Shell және Қазмұнайгаз түсініктеме беруден бас тартты. Ал Lukoil түсініктеме беру туралы өтінішке жауап бермеді.

Назарбаев дәуіріндегі “сыбайлас жемқорлық және клептократия”

Сот өзінің жазбаша шешімінде Қазақстанның 2022 жылға дейін “сыбайлас жемқорлық пен клептократияға” жол бергенін мойындағанын айтқан. Шешіммен таныс дереккөздің айтуынша, онда Қазақстан шенеуніктеріне Қарашығанақ жобасына жұмсалатын шығындарды бекіту үшін пара берілгені жазылған. Негізінен бұл шығындар мемлекет тарапынан өтелмеуі тиіс еді.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылға дейін билік құрды. Ал 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін “елбасы” атағынан айырылды. Десе де біршама лауазымын сақтап қалды. 

Сондай-ақ Назарбаевтың бірнеше туысы үкіметтегі және мемлекеттік компаниялардағы беделді лауазымдарынан босатылды.

Жалғасып жатқан арбитраждық іс жүргізу барысында Қазақстанның адвокаттары Италиядағы қылмыстық сот процесі кезінде алынған құжаттарды ұсынды. Онда бірнеше италиялық мердігер 2017 жылы Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарынан жұмыс алу үшін қазақстандық шенеуніктерге пара бергенін мойындаған. 

Құжаттарда қосалқы мердігерлердің қазақстандық шенеуніктерге пара беріп, көтерме бағаларды бекіту және кейде істелмеген жұмыстар үшін жалған шоттар жасағаны көрсетілген.

АҚШ, Швеция және Швейцарияда сот істері көбейіп келеді

Қазақстан осы италиялық құжаттарды Женевадағы жеке азаматтық ісінде де пайдаланып отыр. Онда ел, Қарашығанақ пен Кашаған кен орындарында мердігерлерден заңсыз алынған қаражатты Швейцария банктерінен өндіріп алуға тырысып жатыр. 

Қазақстан үкіметінің заңгерлері АҚШ-та да істер қозғап, бұрынғы Eni және “ҚазМұнайГаз” жетекшілерінен дәлелдер алуға тырысуда. Себебі, бұл адамдар келісім-шартты созу арқылы сыбайлас жемқорлық схемаларын біледі екен.

Қазақстан халықаралық мұнай компанияларымен бірнеше жыл бойы шығындар мәселесі бойынша дауласып келеді және  миллиардтаған доллар талап етіп отыр. 2023 жылы ел Стокгольм мен Женевада екі арбитраждық іс қозғап, Қарашығанақ үшін шамамен 3,5 миллиард доллар, Қашаған үшін 13 миллиард долларға жуық шығындарды қайта қарауды талап етті.

Бұған дейін халықаралық мұнай компаниялары Қазақстанмен арадағы дауды реттеп, елге жобалардағы үлесін арттыруға мүмкіндік берген. Мысалы, 2011 жылы Қарашығанақтағы 10% акция, ал 2008 жылы Қашағандағы 8% акция Қазақстанға берілген.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 03 Ақпан, 2026 18:34