Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан темір жолына" жаңа басшы тағайындалды

Талғат Алдыбергенов - ҚТЖ басқарма төрағасыФото: railways.kz

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы қызметіне бұған дейін төрағаның орынбасары болған Талғат Алдыбергенов тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Telegram-дағы "PRO КАДРЫ KZ" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Талғат Алдыбергенов Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын "теміржол көлігінде тасымалдауды және басқаруды ұйымдастыру" мамандығы бойынша бітірген.

Ресей Федерациясы президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының "Экономика" бағыты бойынша магистр дәрежесін алған.

2002 жылғы 31 қазанда Қазақ көлік және коммуникация академиясы экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілген.

Еңбек жолын теміржолда тауар кассирі болып бастаған.

1992 жылдан бастап  Батыс Қазақстан темір жолы Орал бөлімшесінің Қазақстан ст., станция бастығының жүк жұмысы жөніндегі орынбасары, тасымалдау, жүк және коммерциялық жұмыс бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарса, 1997 жылдан бастап "Қазақстан темір жолы" РМК – "Батыс темір жолы" еншілес кәсіпорнында жол коммерциялық ревизоры болған.

Әр жылдары "Желдорэкспедиция" ДЖТ Ақтөбе филиалы директорының бірінші орынбасары, "Қазақстан темір жолы" РМК Ақтөбе тасымалдау бөлімшесі" филиалы ДЦФТО директоры, "Қазтранссервис" еншілес мемлекеттік кәсіпорнының директоры, "Қазмұнайгаз" сауда үйі" АҚ көлік департаментінің директоры, "Кедентранссервис" АҚ президенті, "АвтоГазАлматы" ЖШС, басқарма төрағасы, "Kazakhmys Maker" ЖШС басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.

Жаңа тағайындауға дейін Талғат Алдыбергенов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары болған.

Еске салсақ, "Қазақстан темір жолы" компаниясы басшысы міндетін уақытша атқарушы лауазымын экс-әкім Даниал Ахметовтың күйеу баласы Ерлан Қойшыбаев иеленгенін жазған едік. 

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 03 Шілде, 2025 11:35
Талқылау