Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыста ешқандай тарапты қолдамайды

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Үкіметтегі брифингте Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыста ешбір тарапты қолдамайтынын және араласпау ұстанымын ұстанатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист әлеуметтік желіде қазақстандықтар Қазақстан Қатарға, Кувейтке, Бахрейнге, БАӘ мен Сауд Арабиясына Иранға қарағанда көбірек жанашырлық танытып отырғандай көрінеді деген пікір айтып жатқанын алға тартып, осыған байланысты елдің ұстанымын түсіндіруді сұрады.
Әлібек Бақаев Қазақстанның өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпайтынын мәлімдеді.
“Қазақстан үшінші мемлекеттердің ісіне араласпау ұстанымын ұстанып келеді және келер уақытта да осы бағыттан таймайды. Сондықтан бұл жағдайда біз ешбір тараптың жағында емеспіз – Иранның да, шабуылға ұшыраған елдердің де жағын ұстамаймыз”, – деді ол.
Министрдің орынбасары ведомствоның әскери сипаттағы қақтығыстардың мүлде болмағанын қалайтынын атап өтті. Ал егер мұндай жағдай туындаса, ол келіссөз үстелінде, дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс екенін айтты.
“Біз мұндай қақтығыстар халықаралық құқыққа, БҰҰ Жарғысына және халықаралық құжаттар мен келісімдерге сәйкес шешілуі керек деген ұстанымды қолдаймыз. Бұл – өзгермейтін ұстаным”, – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.
Айта кетейік, бұған дейін Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты шетелде қалып қойған қазақстандықтар елге қалай жеткізілетіні хабарланған еді.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді