Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аида Балаева, Жұлдызай Ысқақова, Зәуреш Батталова: Қазақстан саясаты мен қоғамындағы ықпалды әйел кім

Қазақстанда соңғы жылдары саясатқа араласатын әйелдердің саны едәуір артты. Мұндай өзгерістер еліміздегі саяси мәдениеттің жаңғырғанын, әйелдердің қоғамдағы орны едәуір артқанын білдіреді. Осы орайда Stan.kz саясаттанушы мен депутаттан әйелдердің саясаттағы ықпалы мен рөлі жайлы сұрап білді.

Депутат Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, 2019 жылдан бастап елімізде әйелдердің саясатқа араласуын мемлекет басшысы жаңадан қарастырды. Сол кезде алғаш рет саяси партияларға, мәжіліске 30% квота ұсынылды дейді.

“2022 жылы Конституциялық реформадан кейін квота әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар болып нақты заңға енгізілді. Нақты ықпалды әйелдер кім десе, олардың тұлғасы, болмысы соңғы  5 жылмен салыстырсаұқ жақсы қалыптасып келе жатыр. Саясатқа жаңашыл әйелдер келді”, – дейді депутат. 

Депутаттың сөзінше, саясатқа сүбелі үлес қосқан әйелдер келуі керек. 

“Менің ойымша әйелдерге кең көлемді мүмкіндіктер қарастыруымыз керек. Әйел әйел болғаны үшін саясатқа келмеуі керек. Әйел шын мәнінде саясатқа келуге лайықты. Кәсіби біліктілігі, әмбебаптығы және шын мәнінде жасаған еңбегі болу керек. Сүбелі үлес қосқан әйелдер саясатқа келсін”, – дейді депутат. 

Жұлдыз Сүлейменова саясатқа ықпалы бар әйел деп бір ғана адамды атай алмайтынын, елімізде ықпалды әйелдердің саны едәуір көп екенін жеткізді.

“Елімізде жыл сайын ең үздік 100 әйел, ең ықпалды 50 әйел деген зерттеулер бойынша рейтинг жарияланады. Үлгі алатын білімді әйелдер өте көп. Саясатта жүрген, үлкен корпорацияларды басқарып жүрген. Олардың саны көбейе түссе екен деймін”, - дейді депутат. 

Сондай-ақ депутат біршама ықпалды әйелдердің есімін атап өтті. 

“Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Halyk Bank Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова, "Отбасы банк" АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова,  Еңбек министрі Светлана Жақыпова, Денсаулық сақтау министі Ақмарал Әлназарова, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрайымы Айгүл Қоспан, вице-спикер Дания Еспаева, Сенат төрағасының кеңесшісі Жұлдызай Ысқақова, Президент ТРК бас директоры Раушан Қажыбаева, "Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай, Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Каримова, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева,  “Jibek Joly” телеарнасының директоры Еркежан Күнтуған, “Хабар” арнасының директор Жайнагүл Төлеміс. Бұл кісілер ер адамдармен иық тірестіріп, қиын салада жұмыс істеп жүр”, – деді депутат.

Сондай-ақ депутат Қазақстан саясатында ықпалды әйелдер едәуір көп екенін жеткізді.

Ал саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің сөзінше, ықпалды обьективті бағалау қиын. 

“Менің ойымша, ықпалды объективті бағалау қиын. Билікте жүрген әйелдердің ішінде кім ықпалды екенін маған қарағанда Ақорда мен оның айналасында жүрген кісілер нақты біледі. Сондықтан мен қазақ қоғамын өркениетті қоғам қатарына қосуды көздейтін жобалар мен бастамалардың басы қасында жүрген әйелдерді атап өтсем деймін”, – деді саясаттанушы. 

Осылайша саясаттанушы қоғам дамуына үлес қосып жүрген бірқатар тұлғалардың есімін атап өтті.

“Саясатта тәжірибесі мол, елімізде әйелдердің саясаттағы рөлін арттыруға үлес қосып жүрген Зәуреш Батталова, баспа ісі және ағартушылық бағытта жұмыс істеп жүрген Раиса Сайран Қадыр, он жылға жуық таратуға тұрарлық идеяларды Қазақстанда тұрақты түрде насихаттайтын, TEDx конференциялары ішінде Орталық Азияда жалғыз Legacy статусына ие TEDxAstana жобасының кураторы Алия Сандыбай, кейінгі жылдары қазақша шыққан және аударылған көптеген кітаптардың редакторы, қазақ тілін калькадан арылтуға тырысып жүрген филолог Назгүл Қожабек, түрлі ағартушылық жобаларға ұйытқы болып жүрген Бэлла Орынбетова, коррупцияға қарсы, азаматтардың қаржылық сауатын көтеруді көздейтін ProTenge жобасының жетекшісі Джамилия Маричева, биліктің саясаты мен азаматтық қоғамның өзекті мәселелерін қозғап жүрген Ардак Букеева, саяси тұтқындардың және құқығы тапталған азаматтардың хақын қорғап жүрген Инга Иманбайды айтар едім. Бұл қазір ойыма бірден келген әйелдердің есімі”, – дейді Шалқар Нұрсейт. 

Сондай-ақ ол Қазақстанда өмірдің барлық саласында мықты әйелдер өте көп екенін, оған ешкімнің дауы жоғын жеткізді.

Талқылау