Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан роботтар әлемінде қандай орын алады?

Robotek турнир

Кеше ғана роботтар фантастикалық фильмдердің кейіпкері еді, ал бүгін арамызда жүр. Бірі қоймада жұмыс істесе, келесісі ауруханада ота жасап, балаларды оқытады, өзге планеталарды зерттейді. Сарапшылардың болжамына сәйкес 2030 жылға қарай робототехниканың ғаламдық нарығы 400 миллиард доллардан асып, әр бесінші өндірістік процесс автономды жүйенің қатысуымен орындалады. Машиналар жады жолындағы әлемдік бәйге басталды, бұған Қазақстан да белсенді қатысып келеді.

Елде автоматизация мен робототехника саласында мыңдаған жоба іске қосылды. Мәселен, күні кеше Алматы әкімдігі мен қытайлық Unitree Robotics компаниясы арасында меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес Қазақстанда автономды навигация, жасанды интеллект пен роботты басқаруды дамытуға арналған ортақ зертхана құрылады. Unitree Robotics компаниясы төртаяқты роботтардың әлемдік нарығында 62%, Азия нарығында 75% бақылап отыр. Енді оның сараптамалары біздің мамандарға да қолжетімді болмақ. Қазақстандық жас инженерлер нақты мысалдар негізінде білім алуға, ал университеттер теория мен практика арасында көпір тұрғызуға мүмкіндік алады.

Үлкен технологиялар бала кезде туындаған қызығушылықтан пайда болады. Сондықтан Қазақстан үшін оқушылар арасында робототехниканы дамыту маңызды бағыт болып отыр. Қазірдің өзінде оқушылар ең жоғарғы деңгейдегі жарыстарда керемет нәтижелерге жетіп жүр.

Robotek турнир

Соңғы Robotek Grand Tournament халықаралық чемпионатында басты кубок алғаш рет астаналық дарындардың қанжығасында қалды. Жас робототехниктер 25 шетелдік делегация мен еліміздің 17 аймағынан келген 350 оқушының ішінде үздік атанды. Жеңімпаздарға жетекші техникалық университеттерде білім алу үшін гранттар берілді. Айта кетері, сайыстың регламенті мен ережесін қазақстандық педагогтер мен инженерлер дайындаған. Бұл – айрықша жағдай, себебі Қазақстан өзгелердің әдістемесін игеріп қоймай, өзінің интеллектуалды өнімін дайындады. Чемпионат алаңында маңызды халықаралық келіссөздер жүргізілді: варналық Robotiks білім беру орталығы мен Кишиневтегі RobotX Academy ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мұның өзі қазақстандық робототехника өзге елдерге қызықты болатын білім мен тәжірибенің экспортына айналғанының дәлелі.

Robotek турнир

Санжар Шалқарбеков – еліміздегі робототехника саласының бастауында тұрған тұлғалардың бірі. Ол Қазақстанда білім беру саласын дамытуды қолға алмай тұрып, 15 жылдан аса уақыт ЕҚДБ, McKinsey және "АФК Система" сынды шетелдік ұжымдық секторда жұмыс істеген. Бүгінде ол - Robotek робототехника мектебінің негізін қалаушысы әрі бас директоры.

"Біз он жыл бұрын Robotek-ті құрған кезде роботтандыру дәуірі келе жатқанын жақсы түсіндік. Алдымен балаларды оқытудан бастадық, енді мұғалімдерді де оқытамыз. Біліктілікті арттыру курстарымыз қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігінің мұғалімдерге арналған ресми курстар тізіміне енгізілген. ExxonMobil компаниясымен бірлесіп STEM-Ұстаз жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Осы жоба аясында 400-ге жуық мектеп мұғалімі робототехника бағдарламасынан өтті", – дейді Санжар.

Robotek – инженер секілді ойлап, техника құрастыруды үйрететін ондаған қаланы қамтитын тұтас экожүйе. Ал Ozyq Urpaq атты тағы бір мектеп жобасы аясында Қазақстанның өңірлеріндегі мыңдаған бала төртінші жыл қатарынан бағдарламалау және робот жасау бойынша тегін курстардан өтіп жатыр.

Инженерлік ойлау қабілетін дамыту – тек педагогтердің емес, бизнестің де міндеті. Ірі қазақстандық компаниялар дайын кадрды күтпей, технология жасайтын инженерлер буынын өздері қалыптастырып жатыр.

"Бүгінде автокөлік саласы технологиялық трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Дәстүрлі машина жасау саласынан интеллектуалды өндіріске қарай бет алды. Қазақстанға білікті инженерлер, программистер, жүйелік архитекторлар қажет. Сондықтан біз үшін инженерлік ғылымдарға ерте жастан қызығушылық тудыратын бағдарламаларды қолдау маңызды. Біз тек зауыттарға емес, сондай-ақ болашақ көліктерін жасайтындар жандарға инвестиция саламыз", – дейді Allur автокөлік компаниясының инновациялар және даму жөніндегі директоры Альтаир Бірлік.

Allur завод

Allur компаниясы бірнеше жылдан бері инженерлік мәдениетті дамытуға өз үлесін қосып келеді. Компания робототехника чемпионаттарын, соның ішінде Robotek Grand Tournament жарысын қолдайды. Бұған қоса, RoboTechnoGirls атты қыздарға арналған тегін жазғы бағдарлама жүзеге асуда. Оның аясында 150 қатысушы робототехника мен бағдарламалаудың негіздерін меңгерді. Бұл бастама Peoples & Projects сыйлығының Heart of Impact номинациясында жеңіске жетіп, білім беру саласындағы ең үздік әлеуметтік жоба ретінде танылды. Тағы бір маңызды бағыт – оқушыларды өндірістік орта және болашақ мамандықтармен таныстыратын Myn Bala кәсіби бағдар беру жобасы.

Robotechnogirls

Осылайша, Қазақстандағы робототехника энтузиастық жобалар шеңберінен шығып, ғылым мен білімнің дербес саласына айналды. Бұл бағытқа инвесторлар, университеттер мен өнеркәсіп белсенді тартылып отыр. Бұл үрдіс сақталса, еліміздің әлемдік техникалық жаңалықтар көшін бастап шығуға барлық мүмкіндігі бар.

Назархан Уән
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 13:22
Талқылау