Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан ГРЭС құрылысында ресейлік турбиналардан бас тартып, 250 миллиард теңге үнемдеді

Қазақстан ресейлік турбиналардан бас тарттыФото: Frepik.com

Қазақстан Екібастұз ГРЭС-2 электр станциясының үшінші энергоблок құрылысының сызбасын қайта қарап, ресейлік турбиналар мен генераторларды сатып алудан бас тартты. Оның орнына республика қытайлық Harbin Electric International компаниясының жабдықтарын сатып алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Первый техническийге” сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақпаратты Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жария етті. Шенеуніктің айтуынша, қытайлық жабдыққа көшу жобаның құнын 250 миллиард теңгеден астам қысқартуға мүмкіндік берген. Нәтижесінде энергоблок құрылысының жалпы құны 650 миллиард теңгенің орнына 400 миллиард теңге болған.

Турбина мен генератор жеткізу туралы келісімшарт 2025 жылғы қыркүйекте жасалған. Сол кезеңде станцияны кеңейту бойынша бұрын тоқтап қалған жоба қайта іске қосылған. Бұған дейін құрылысты ресейлік кәсіпорындардың қатысуымен жүргізу жоспарланып, жеңілдетілген несие алу көзделген еді. Алайда қаржыландыру түспей, жабдық жеткізу мерзімдері кейінге шегерілген.

Қытай тарапы бұған дейін дайын тұрған агрегаттарды пайдалануды және қуаты жоғары энергоблок салуды ұсынған. Дегенмен, кейін жоба жаңа параметрлерге сәйкес қайта форматталған. Ал ондаған миллиард теңгеге дайындалған жабдықтың тағдыры әзірге анықталып жатыр.

Осыған ұқсас жағдай Қазақстанда үш жылу электр орталығын (ЖЭО) салу жобасында да байқалды. 2024 жылғы сәуірде Қазақстан мен Ресей үкіметтері Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жалпы қуаты 1 ГВт болатын үш ЖЭО салу туралы келісімге келген еді. Жобаны “толық дайын күйде” жүзеге асыру ресейлік “Интер РАО” компаниясына жүктелуі тиіс болатын. Үш нысанның алдын ала құны 1,25 триллион теңге деп бағаланған.

Алайда 2025 жылғы мамырдың соңында вице-премьер Роман Скляр Ресей тарапында жабдық жеткізуді қаржыландыру мәселелері туындағанын мәлімдеді. Егер бұл мәселе шешілмесе, Қазақстан жаңа инвестор іздеуге мәжбүр болатыны айтылған. Қазір қазақстандық билік Өскемен мен Көкшетаудағы ЖЭО-ларды өз күштерімен салу туралы шешім қабылдаған.

Екібастұз ГРЭС-2 станциясында әрқайсысының қуаты 500 МВт болатын екі энергоблок бар. Олар 1990-1993 жылдары іске қосылған. Станция “Богатырь Көмір” компаниясы ашық әдіспен өндіретін көмірмен жұмыс істейді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның кірісі 79,5 миллиард теңгеге жеткен (2023 жылы – 66,2 миллиард теңге). Сонымен қатар компания 10,6 миллиард теңге шығын көрсеткен. Бұл 2023 жылғы 17,3 миллиард теңге шығынмен салыстырғанда аз.

Қуаты 540 МВт болатын жаңа энергоблокты 2028 жылы іске қосу жоспарланған. Жобаны қаржыландыру үшін 2027 жылы 457,7 миллиард теңге, ал 2028 жылы 330,2 миллиард теңге бөлу көзделген. Қаражатты бюджеттен тыс көздерден тарту жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде екінші АЭС салынатын орын бекітілгені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 13:00