Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Орталық Азиядағы жалақысы ең жоғары ел атанды

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында орташа жалақы бойынша көш бастап тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

ТМД мемлекетаралық статистикалық комитеті жариялаған мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстандағы орташа номиналды жалақы 817,2 долларды құрап, Өзбекстан (437,8 доллар) немесе Қырғызстандағыдан (411,2 доллар) екі есеге дерлік жоғары болды. Ал Тәжікстанда орташа жалақы Қазақстаннан 3,4 есе төмен (242,8 доллар).

Түркіменстандағы ресми номиналды жалақы туралы жаңа деректер жоқ, Түркіменстанның мемлекеттік статистика комитетінің сайтында мұндай ақпарат соңғы рет 2023 жылы жарияланған. 

Фото: ranking.kz

Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері де аймақта көш бастады. Бұл көрсеткіш өткен жылы 85 мың теңге, яғни 181,1 АҚШ долларын құраған. Орталық Азияның басқа елдерінде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен болды: Өзбекстанда – 89,4 доллар, Тәжікстанда – 54,9 доллар, Қырғызстанда – 28,3 доллар.

Түркіменстандағы ең төменгі жалақы Түркіменстан ұлттық банкі ұсынған доллардың ресми бағамы бойынша жоғары болып көрінуі мүмкін. Бұл 1410 манат немесе 402,9 доллар. Дегенмен, бұл ақпарат екіұшты. Елдің ұлттық банкі 1 АҚШ доллары 3,5 түркімен манатына тең деп есептейді. Алайда, көптеген сарапшылардың пікірінше Түркіменстанда манатты мұндай бағаммен айырбастау іс жүзінде мүмкін емес, ал елдегі барлық валютаны сатып алу-сату операциялары "қара" бағам бойынша (1 доллар 19 манат) жүргізіледі. Бұл көрсеткіш бойынша елдегі ең төменгі жалақы 2024 жылы 74,2 доллар болған.



Орталық Азияның төрт елінде ең жоғары номиналды жалақы қаржы және сақтандыру саласында байқалады. Сонымен қатар елдер арасындағы көрсеткіштер айырмашылығы да бар: Қазақстанда қаржы және сақтандыру саласы қызметкерлерінің жалақысы 1,7 мың доллардан асады, бұл Тәжікстанмен салыстырғанда (561,9 АҚШ доллары) үш есеге жоғары. Қазақстанда қаржы саласы мен тау-кен өндірісі ең жоғары жалақы төлейтін салалар болып табылады. Ал Тәжікстанда қаржы секторындағы қызметкерлерден бөлек, өңдеу өнеркәсібі мен сервис салаларының жұмысшылары да ең жоғары табыстарымен ерекшеленеді. Өзбекстанда қаржы және IT салаларында жоғары (1 мың доллардан астам) жалақылар төленеді. Ұқсас үрдіс Қырғызстанда да байқалады.

Орталық Азия елдерінде жалақылары ең төмен салалар ішінара сәйкес келеді. Оларға білім беру және денсаулық сақтау салалары, ауыл шаруашылығы және коммуналдық сектор кіреді.

Еске салсақ, бұған дейін 2025 жылы Қазақстанда қандай мамандық иелерінің жалақысы өсетінін жазған едік. 

Талқылау