Қазақстан онлайн қызмет көрсету индексі бойынша әлемдегі алғашқы ондыққа кірді
БҰҰ рейтингіне сәйкес, Қазақстан электронды үкіметті дамыту деңгейі бойынша 193 елдің ішінде 24-орынға тұрақтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Рейтингтегі басты көрсеткіштердің бірі – онлайн қызмет көрсету индексі бойынша Қазақстан Жапониядан сәл ғана артта қалып, алғашқы ондыққа енді. ТМД елдерінің арасында Қазақстаннан кейінгі ең жоғары нәтиже Арменияда – 53-орын. Ресей – 56, Өзбекстан – 59 және Қырғызстан 89-орынға тұрақтады.
Рейтингтің көш басында онлайн қызмет көрсету индексінің ең жоғары көрсеткішке ие Оңтүстік Корея тұр. Ал ең соңғы орында – индексі 0-ге тең Эритрея.
Бүгінде Қазақстанда онлайн түрде, мысалы, неке тіркеуге өтініш беру, құжаттарды, жүргізуші куәлігін ауыстыру, салық және басқа да декларацияларды тапсыру, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу сияқты қызметтерді алуға болады.
Бизнес ашу және басқа да әртүрлі қызметтерді алу мүмкіндігі бар. Электронды үкімет платформасы үнемі жетілдіріліп, өзінің үшінші нұсқасына өтіп жатыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жаңа eGov платформасы тұрақты әрі ыңғайлы болатынын, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсаратынын уәде етті.
Еске салайық, бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан интернет жылдамдығы жағынан Токионы басып озғанын айтты. Мәдиев үкімет отырысында атап өткендей, бүкіл әлемде интернетті тұтынудың қарқынды өсуі байқалады. Қазақстанда 2020 жылмен салыстырғанда трафик өсімі 61,5%, ал жазылушылар саны 12,9% өсті. Қазір Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша Speedtest рейтингінде 64 орында тұр. Жапония 65, Марокко 66, Израиль 67, Түркия 68, Грузия 69, Ирландия 70 орында тұр.