Қазақстан неліктен имидждік шаралардан бас тартпайды – Экономика министрлігі жауап берді
Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов Қазақстанда неге әлі күнге дейін имидждік шаралар, соның ішінде инвестициялық форумдар өткізілетінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: eeas.europa.eu
Журналистер үкімет отырысынан кейінгі брифингте шендіден президенттің имидждік шаралар бюджетін қысқарту тапсырмасы жайлы сұраған. Арман Қасенов имидждік шараларға бөлінген қаражат республикалық бюджеттің 0,01 пайызы ғана екенін мәлімдеді.
"Имидждік іс-шаралар, соның ішінде инвестициялық форумдар, сөзсіз, әлемдік саясаттың құралы, тек Қазақстанда емес. Бұл тәжірибе капитал мен инвестиция тартуға бағытталған, ел экспортына серпін береді. Сондықтан бұл шараларды өткізу орынды болып отыр", – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанға жыл сайын тартылатын инвестиция көлемі 20 миллиард долларға тең.
"Инвестицияның басым бөлігі осындай шаралардың арқасында тартылып отыр. Сондай-ақ қазақстандық компаниялар экспорт жайлы келісімге келеді. Күн сайын Қазақстанға 50 миллион доллар инвестиция тартылады. Сөзсіз, 1-3 миллион доллар жұмсалатын шара өзін ақтайды, инвестиция тартып, экспорттың өсуіне әсер етеді. Бұл біріншіден. Ал екіншіден мұндай шаралар демеушілер қаражатына өткізіледі. Сондықтан республикалық бюджет қаржысы жұмсалмайды", – деді Қасенов.
Еске салайық, бұған дейін премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сенат брифингінде Астана экономикалық форумын өткізуге 4,5 миллиард теңге жеткілікті екенін мәлімдеген еді.