Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мобильді интернеті ең арзан он елдің қатарына енді

MoneySuperMarket басылымының деректеріне сай Қазақстан мобильді интернеті ең арзан 10 елдің қатарына енді. Қазақстанда бір гигабайт мобильді интернеттің орташа құны 0,59 доллар (294 теңге) екен.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Әртүрлі халықаралық талдау агенттіктерінің мәліметтерінше, көптеген жылдар бойы еліміз арзан мобильді интернет бойынша көшбасшы орындарда тұрды.

MoneySuperMarket рейтингінде Қазақстан Беларусь (13-орын), Түркия (17-орын), Өзбекстан (20-орын), Қытай (23-орын), Армения (29-орын), Әзірбайжан (75-орын) және басқа да елдерді артта қалдырды.

Ал Қазақстаннан бөлек интернет құны ең арзан 10 елдің қатарына Израиль, Қырғызстан, Италия, Бангладеш, Пәкістан, Шри-Ланка, Үндістан, Индонезия және Франция кірді.

Өз кезегінде мобильді интернеті ең қымбат елдер ондығына Швейцария, Замбия, Жаңа Зеландия, Андорра, Сейшел аралдары, Канада, Оңтүстік Корея, БАӘ, Багам аралдары және Норвегия кіреді.

Қазақстан тұрғындары үшін 20 ГБ мобильді интернет – 11,8 доллар (шамамен 5800 теңге). Сондай-ақ неғұрлым арзан тарифтік ұсыныстар мен қызметтер пакетін табуға болады.

Ал АҚШ-та тұрғындар үшін дәл осы 20 ГБ мобильді интернет 105,4 доллар, Норвегияда 106,6 доллар, БАӘ-де 115,2 доллар, Оңтүстік Кореяда 119,6 доллар, Жаңа Зеландияда 133,6 доллар, Швейцарияда 142,4 доллар. Яғни 10 есе көп.

Фото: Finprom.kz

Жыл сайын мобильді байланыс операторлары саланы дамытуға теңдессіз инвестиция салып жатыр.

2024 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ғана байланыс секторындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар бір жылда 74,4% — 215,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ал жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша сектордағы капитал салымы 2,5 еседен астамға өсті. Бұдан бөлек, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеген деректер бойынша базалық станциялар құрылысына салынған инвестиция көлемі шамамен 500 млн долларға тең. Бұл қаражат байланыс сапасын жақсартуға және елдегі, соның ішінде шалғай өңірлердегі интернетке қолжетімділікті кеңейтуге жіберілді.

Талқылау