Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан арасында газға байланысты дау туындады

Фото: depositphotos.com

Қазақстандық “Интергаз Орталық Азия” компаниясы Өзбекстанның “Узтрансгаз” компаниясын сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дауға Қазақстан аумағы арқылы тасылмалданған өзбек газы үшін төленбеген 2 миллион доллар көлеміндегі қаражат себеп болған. Мұнай-газ саласының маманы Олег Червинскийдің айтуынша, бұл талап "Интергаз" мамандарының есебі негізінде дайындалған.

"Талап шамамен 2 миллион долларды құрайтын Өзбекстан газын Қазақстан аумағы арқылы тасымалдау қызметтері үшін төлемнің (төленбеуінің) мәселесіне қатысты, бұл есеп “ИОА” мамандарының деректері негізінде дайындалған. Өзбек тарапының да өз есебі бар. Өлшеу торабы Өзбекстан аумағында орналасқандықтан, ал “Узтрансгаз” компаниясы бұл талапты негізсіз деп санайды. Бұдан бөлек, “Узтрансгаз” қарсы талап қойған. Осыған байланысты қазір "ИОА" АҚ бастапқы талапты қарауды тоқтатып, іске сырттан кеңесшілер тартуда", – деп жазды Червинский.

Айта кетейік, “Интергаз Орталық Азия” АҚ “QazaqGaz” ұлттық компаниясының құрамына кіреді. 2018 жылдың шілде айында “ИОА” компаниясы магистральдық газ құбырлары бойынша ұлттық оператор мәртебесін алды. Компания Қазақстан аумағы арқылы жалпы ұзындығы 20 612,63 мың шақырымды құрайтын магистральдық газ құбырлары бойынша ішкі тасымалдау мен транзитті жүзеге асырады.

Ал "Узтрансгаз" Өзбекстанда газ, газ конденсатын және мұнай тасымалдау, сақтау және өткізу ісімен айналысатын ірі энергетикалық компания. 2019 жылы Өзбекстан президентінің жарлығымен "Узтрансгаз" компаниясы "Узбекнефтегаз" акционерлік қоғамы құрамынан шығарылып, оның негізінде "Узтрансгаз" АҚ және "Худудгазтаминот" АҚ атты екі дербес компания құрылған.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 26 Қараша, 2025 21:46
Талқылау