Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ыстықкөлдегі төрт нысан Қазақстанның меншігінде қалады: Жоба Сенатта қаралды

Фото: Shutterstock

Сенат Қырғызстанның Ыстықкөл облысында орналасқан жер учаскелерін жалға беру туралы шарт пен меншік құқықтарын реттеу жөніндегі келісімді ратификациялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған құжаттар Қырғызстан аумағындағы қазақстандық курорттық-сауықтыру нысандарының жұмыс істеуі үшін бірыңғай құқықтық негіз қалыптастырады.


Қырғызстан Ыстықкөл жағалауындағы қонақүйлерге байланысты Қазақстанмен келісімшартты қатаңдатты


Қырғызстанның шартын орындамаса Қазақстан Ыстықкөл жағалауындағы қонақүйлерден айырылады


Негізгі ережелер:

  • Қазақстанның меншігінде төрт нысан қалады: бір санаторий, екі демалыс үйі және бір спорттық-сауықтыру базасы;
  • (Спорттық-сауықтыру базасын қоспағанда) нысандарды 3–4 жұлдызды қонақүй деңгейіне дейін жаңғырту жөніндегі міндеттемелердің мерзімі ұзартылады;
  • Жер учаскелері 49 жыл мерзімге жалға беріледі;
  • Қырғыз тарапы нысандарды тәркілеу жөнінде шаралар қабылдамауға кепілдік береді. Себебі олар тек мақсатты бағытта пайдаланылуға тиіс.

Депутат Нұрия Ниязованың айтуынша, келісім қазақстандық тараптың (спорттық-сауықтыру базасын қоспағанда) нысандарды жыл бойы жұмыс істейтін 3 және 4 жұлдызды қонақүй деңгейіне дейін жаңғырту жөніндегі міндеттемелерін 2029 жылдың соңына дейін ұзартуды көздейді.

Сондай-ақ қазақстандық тараптың инвесторлар тартуына мүмкіндік беру жөнінде келісімге қол жеткізілген. Бұдан бөлек, құрылыс кезеңінде де, нысандарды пайдалану барысында да жұмыс күшінің кемінде 80%-ы Қырғызстан азаматтарынан тартылуға тиіс деген талап бекітілген.

Депутаттың айтуынша, қазір президент іс басқармасы Ыстықкөл жағасында "Қазақстан" шипажайын салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Нысанды пайдалануға беру мерзімі болжам бойынша 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.

Сонымен қатар шипажай аумағындағы қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстар сүріліп, тарихи-мәдени мұраны сақтау және Дінмұхамед Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында №1 саяжай ғана сақталады. Бұл нысан болашақта мұражай-үйге айналдырылмақ.

“Самал” демалыс үйіне қатысты, Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ мен инвестор арасында бірлескен қызмет туралы келісім жасалып, соның аясында жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қажет бастапқы деректерді жинау жұмыстары басталған. Құрылысты бастау 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланып отыр.

“Университет” спорттық-сауықтыру лагері бойынша қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті лагерьді қайта жаңғыртуға арналған техникалық тапсырманы әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы шаралардың қорытындысы бойынша қайта жаңғыртудың түпкілікті құны мен жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі айқындалады. Қазір бюджеттен тыс қаражатты қоса алғанда, балама қаржыландыру көздерін іздеу жалғасып жатыр.

Ал “Олимп” спорттық-сауықтыру орталығына қатысты Туризм және спорт министрлігі жобалық-сметалық құжаттаманы және құрылысқа арналған инвестициялық келісім жобаларын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр”.

Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес, қазақстандық тарапқа жалпы аумағы 58,8 гектар болатын жер учаскелері 49 жыл мерзімге уақытша ақылы пайдалануға (жалға) берілген.

Бұл ретте қырғыз тарапы жалға берілген нысандардың қол сұғылмауына кепілдік беріп, оларды мемлекет меншігіне алу бағытындағы кез келген әрекеттерден бас тартуға міндеттеледі.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс Қырғызстандағы Ыстықкөл облысының жер учаскелерін Қазақстанның уақытша пайдалануына беретін 2009 жылғы келісімді ратификациялаған еді. Бұл жерлерде шипажай, демалыс үйлері мен спорт-сауықтыру базасы орналасқан және инвесторларды тартуға мүмкіндік берілетіні айтылған.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 12 Ақпан, 2026 10:38