Қазақстан құрамасының Олимпиадаға арналған формасын кім тікті және қанша қаржы жұмсалды

6 ақпанда Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Оған дайындыққа Қазақстан 13,3 миллиард теңге бөлді. Туризм және спорт министрлігі бұл қаражаттың қандай бағыттарға жұмсалғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін спорт министрі Ербол Мырзабосынов XXV Қысқы Олимпиада ойындарының дайындығына мемлекеттік бюджеттен 13,3 миллиард теңге қаржы бөлінгенін айтқан еді. Сондай-ақ Олимпиадаға Қазақстан атынан 35 спортшы қатысатыны айтылды. Ойындарға сапалы дайындалу үшін ұлттық қысқы спорт түрлері командалары 178 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, қазақстандық спортшылар 125 халықаралық жарысқа қатысқан. Осы орайда Stan.kz тілшісі министрліктен ұлттық құраманың дайындығына бөлінген қаражаттың нақты қандай бағыттарға жұмсалғанын сұрады.
Қаражат қандай бағыттарға жұмсалды?
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, төрт жылдық олимпиадалық циклді қаржыландыру көлемі республикалық және жергілікті бюджеттер, бюджеттен тыс және демеушілік қаражат көздері есебінен жүргізілді. Осылайша қаражат мына бағыттарға жұмсалды:
- спорттық құрал-жабдықтар мен экипировканы сатып алу;
- спортшы-нұсқаушылар мен жаттықтырушылар құрамының еңбекақысы (оның ішінде шетелдік мамандар);
- медициналық-фармакологиялық қамтамасыз ету;
- халықаралық жарыстар мен лицензиялық турнирлерге қатысу;
- ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу;
- оқу-жаттығу жиындарын өткізу.
Министрлік мәліметінше, қаржының 35%-ы республикалық бюджеттен, 50%-ы жергілікті бюджеттен, ал 15%-ы демеушілік қаражат есебінен бөлінген.
Оқу-жаттығу жиындары мен шетелдік бапкерлер
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама төрт жыл ішінде 612 оқу-жаттығу жиынын өткізген. Ал спортшылар 434 халықаралық жарысқа қатысқан.
Спортшылардың дайындығын күшейту үшін Германия, Нидерланды, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон бағыттары бойынша 13 шетелдік ТОП-деңгейдегі жаттықтырушы-кеңесші тартылған. Олардың еңбекақысы да жалпы бюджет есебінен төленген.
Олимпиада формасын кім тікті?
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың спорттық киім-кешегін Ұлттық Олимпиада комитеті “Fashion Retail Group” ЖШС арқылы сатып алған. Сол кезде министрлік форманың демеушілік қаражатқа сатып алынатынын, мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейтінін айтқан.
Осылайша спорттық киім-кешекті Under Armour бренді тігетінін жеткізген. Бұл компания Қазақстандағы ресми дистрибьютор саналады.
Under Armour – жоғары технологиялы спорттық киімдер өндіруімен танымал америкалық бренд. Аталған брендтің өнімдері бұлшықеттерді тиімді қолдап, шаршауды азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ кәсіби спортшылар арасында кеңінен қолданылады екен. Спортшыларымызға Under Armour бренді тарапынан 60% жеңілдік ұсынылыпты. Демек, Under Armour ресми бутигінде 18 жинақтың жалпы бағасы 1 458 900 теңге тұрса, оған жасалған 60% жеңілдікті есепке алсақ, бір киім-кешектің бағасы 583 560 теңге деген сөз.Ал бұл бағаны 18 жинаққа есептесек, шығын – 10 504 080 теңге. Демек, бұл бір адамға арналған киім жинағының бағасы.
Спорттық киім-кешек жиынтығына ашылу және жабылу салтанатына арналған форма, жарыс кезінде киілетін жылы сырт киімдер кіреді. Жалпы алғанда, спорттық киім-кешек жиынтығы 22 атаудан тұрады.
Министрліктің хабарлауынша, спорттық киім-кешек толықтай демеушілік және бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынған.
“Fashion Retail Group” туралы не белгілі?
“Fashion Retail Group” ЖШС алғаш рет 2015 жылы тіркелген.
“Fashion Retail Group” – Қазақстандағы сән, киім-кешек, аяқ киім және аксессуарлар нарығында жұмыс істейтін ірі сауда компаниясы. Ол әлемге танымал көптеген брендтердің ресми дистрибьюторы саналады. Компания бірнеше мемлекетте – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Арменияда қызмет көрсетеді.
Компанияның портфолиосында 30-дан аса халықаралық бренд бар, соның ішінде:
- Tommy Hilfiger;
- Calvin Klein;
- Diesel;
- Walker;
- Under Armour;
- Etam және басқалар.
Fashion Retail Group Қазақстанда премиум және спорттық стильдегі киімдерді ұсынады. Under Armour секілді танымал спорттық брендің ресми дистрибьюторы ретінде Алматыдағы бірнеше сауда орталығында филиалдары бар.
Олимпиадаға неше спортшы қатысады?
Қазір Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамып келеді. Олар: конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, конькимен мәнерлеп сырғанау, биатлон, кёрлинг, шаңғы жарыстары, тау шаңғысы спорты, фристайл (могул, акробатика), сноуборд, шаңғы қоссайысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шайбалы хоккей және ски-альпинизм. Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан спорттың 10 түрінен 36 спортшы бақ сынайды.
Айта кетейік, бұған дейін де Туризм және спорт министрлігі Қысқы Олимпиада ойындарының дайындығына 13,3 миллиард теңге жұмсалғанын айтқан еді. Сондай-ақ кейіннен Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына аз ғана уақыт қалғанда, әлем назарын аудартатын додада қазақстандық спортшылар киетін салтанатты форма жанкүйерлер арасында қызу пікірталас туғызған. Әлеуметтік желілерде бұл киімнің дизайны мен көркемдік деңгейіне қатысты сын көбейген.
"Екі дипломым бар, 5 тіл білемін": Қазақстандық ару Англияға саңырауқұлақ терумен айналысып жүр